Шымкентте жаяу жүргіншілер жолағында екі адамды көлік қағып кетті

Шымкентте анасы мен қызы көлік астына түсіп, мерт болды. Жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан бір үйдің екі мүшесі қатты соққыдан 100 метрге ұшып түскен. Екеуі де оқиға орнында тілге келмей жан тапсырды. Ал онда болған куәгерлер автокөліктің тым қатты жүріп келгенін айтады. 

Бейнекамераға түсіп қалған бұл видео аялдамаға бара жатқан анасы мен қызының соңғы бейнелері. Олар жаяу жүргінші жолағы арқылы жолдың келесі бетіне өтіп бара жатқан. Дегенмен, дәл сол сәтте жүйткіген жол талғамайтын көлік оларды қағып өтеді. Көптің көз алдында болған жантүршігерлік апат жақын маңдағы тамақтану орнының бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Жылдымдықтың жоғары болғанынан, 43 жастағы әйел мен 16 жастағы қыз оқиға орнында тіл тартпай кетті.

Бақыт Қозыбақов, куәгер: «Жай келгенде ондай жағдай болмайды ғой. Қатты келген. Кемі 100 – дің үстінде келді ол машина. Өйткені адамдарды 100 метрге дейін ұшырып жіберген. Екінші неге дейін жатты. Шашыраған екеуінің арасы 20-30 метр жерде. Шешесі арғы жаққа ұшты. Қыз мына жерде жатты».

Куәлардың сөзінше, марқұм әйел қызын ауруханаға апара жатқан. 11-сынып оқушысы денсаулығы болмай біраздан бері емделіп жүр екен. Ал бір мезетте жары мен қызынан айырылған әке 19 жастағы қызы және 12 жастағы ұлымен қалды.

Нұрдәулет Сүйеубеков, Шымкент қаласы анықтау басқармасының бастығы: «Бүгін 9:35 шамасында Қ. Төлеметов көшесі бойынша Мицубиши Поджеро автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі екі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Салдарынан 43 жастағы анасы мен 16 жастағы қызы көз жұмды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, Митцубиши Паджеро автокөлігінің тізгінінде 24 жастағы жүргізуші болған. Қазір ол қамауға алынып, қылмыстық кодекстің 345-ші бабы бойынша іс қозғалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.