Төлеби ауданында жаңа кәсіпорын ашылды

30

Түркістан облысында үздіксіз полимерді модификациялау цехы ашылды. Төлеби ауданында іске қосылған өндіріс орнында жол жөндеу жұмыстарына қолданылатын ерекше қоспа өндіріледі. Енді өңірде асфальт жолдардың ауыр жүк көліктерінің қатынасына шыдас беруі артады. Цехтың ашылуына облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, кәсіпорын жұмысын дамыту шарасы артатынын айтты.

Енді мұнай өңдеу базасында орын тепкен цехта жасалатын сынама саны да көбейеді. Жаңадан іске қосылған өндіріс орнында жол жөндеу жұмыстарына қолданылатын ерекше қоспа өндіріледі. Өнімнің бір ерекшелігі, кез-келген ауа райына бейімділігі.

Битум жол төсеніші қабатын біркелкі етеді және деформацияланудан сақтайды,- дейді мамандар. Айта кетсек, цех жылына 200 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Бұл Түркістан облысындағы жол құрылысына қажетті битум мөлшерінен үш есе көп. Айта кетсек, жаңа цехтың ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысты.

Жоба құны 550 млн. теңгені құрайды. Жаңа цехтың іске қосылуының нәтижесінде тағы 20 адам жұмыспен қамтылды. Кәсіпорын басшылары келесі жылы аймақтарда жоспарланған жол құрылыстарына байланысты компаниялармен келісімдер жасауда. Өндіріс орнының жұмысымен танысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірде әлі күнге дейін битум тапшылығы бар екенін жеткізді. Десе де бұл проблеманы шешуде енді іске қосылған жаңа цехтың маңыздылығы жоғары дейді ол.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Жобалық сметалық құжаттама дайындаған кезде қосып, әрі қарай осындай жаңа технологиялармен шығарылған өнімдермен біз жұмыс істеу керекпіз. Бізде әлі күнге дейін битум тапшылығы бар. Аудан аумағында жұмыс істеп тұрған зауыттың жұмысын жандандыру арқылы облысымызда осы мәселені шешеміз. Бүгін іске қосылған полимерді модификациялау цехының маңызы жоғары. Осындай ірі зауыттарымыз көбейе берсін Сізге алғыс айтамыз. Салық төленеді, бұл жерде жаңа жұмыс орны ашылады. Осы тұста келесі бағытымыз осындай кәсіпкерлерді қолдау».

Алдағы уақытта өңірде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, өндірістік саладағы кәсіпкерлерді қолдау шарасы да артады.