Жаңа жылда мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға артады

58

Жаңа жылда мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға артады. Оған бюджеттен бір триллион теңгеден астам қомақты қаржы бөлінді. Сондай-ақ қаңтардан бастап «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске аса бастайды. Ауқымды бағдарлама аясында үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу көзделген.

Ұстаздардың жалақысы 2020-дан бері жыл сайын 25 пайызға өсіп келеді. Үш жылда 75 пайызға көтерілді. Енді жаңа жылда тағы 25 процентке артпақ. Сөйтіп 2019-дағы айлықпен салыстырғанда педагогтардың еңбекақысы екі есе өспек.

Гүлайым Тоқпанова, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің басқарма басшысы: «Республикалық бюджеттен 1,2 трлн тг қосымша қаражат бөлінді. Оның ішінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне 122 млрд тг бөлінді. Орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне 1 трлн тг және техникалық білім беру ұйымдарының педагогтеріне 40 миллиард теңге ақша бөлінген».

Мұғалімдердің жалақысы ғана емес қоғамдағы орны да артып жатыр. Ол үшін үш жыл бұрын «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Соның арқасында сенбілік, сайлау деп жүгірмейді. Тек сабақ береді.

Майра Мелдебекова, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты комитет төрағасының орынбасары: «Мұғалім құқықтарының бұзылуы фактілері бойынша әкімшілік істер де азайды. Мысалы, 2021 жылы 56 болса, қазіргі таңда 25 әкімшілік іс тіркеліп отыр. Яғни, 2019 жылы қабылданған заңдағы педагоктарға тән емес функцияларға тартуға, шамадан тыс есептерді талап етуге негізсіз тексерулерді жүргізуге тыйым салатын нормалар орындалып келеді деп айтуға болады».

Биыл 200 мектеп ашылды. Бірақ жетіспеушілік әлі бар. Қазір 840 мыңнан астам оқушыға орын тапшы. Сондықтан ұл-қыздар үш ауысыммен оқиды, әрі бір сыныпта бала саны тым көп. Әрине бұл білім сапасына кері әсер ететіні анық. Оның үстіне апатты мектептер тағы бар. Жыр болған проблемманы біржола шешу үшін жаңа жылдан бастап «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске аса бастайды. Ауқымды бағдарлама аясында 2026 жылға дейін 400 мектеп салу көзделген. Оның үстіне президент тапсырмасы бойынша жемқорлардан өндірілген қаржыға да жаппай білім ошақтары салынбақ.