Қалалық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері ерекше балаларға сый жасады

Ойыншықтар, теннис үстелі, қажетті құрал-жабдықтар мен балалардың арман-тілектері. Мұның бәрі қаладағы ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған сыйлықтар.

Ал бүлдіршіндерге мұндай сыйды Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жасады. Бұл мекеменің балаларға жасаған алғашқы сыйы емес. Департамент қызметкерлері бүлдіршіндерді жиі қуантып тұруға тырысады. Мамандардың сөзінше, мұндай игі істер әр тоқсан сайын жалғасын таппақ.

Бақытжан Сұлтанбеков, №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы басшысының орынбасары: «Бұл мекемеге бізге қайырымдылық есебінен Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұжымы жиі келіп тұрады. Осы жаңа жылдың алдында да балаларды қуантып, сыйлықтар алып келіп, балалар бір қатты қуанып қалған. Ал енді бүгінгі таңда да мынадай сыйлықтарды алып келіп беріп жатыр. Осы ұжымға рақметіміз шексіз! Балалар қуанып жатыр. Мына жерде ойындар, ойыншықтар, доптары бар, теннис столы да бар. Алғысымыз шексіз бұл департаментке!»

Қазіргі таңда №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында жеке күтімді және бақылауды қажет ететін 3 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға 8 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Оларға заманауи жабдықтармен оңалту және емдеу жұмыстары жүргізіледі.

Мекеме стационарлық жағдайда 130, жартылай стационарлық жағдайда 100 қызмет алушыға арналған. Орталықта медициналық қызмет көрсетуден бөлек, емдік массаж, физиотерапиялық ем, психологиялық көмек көрсетіледі.