Шымкенттегі 167/2 қатаң режимдегі түзеу мекемесінде ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлер жазасын өтейді. Ұзақ мерзімге сотталған азаматтар да Жаңа жыл мерекесін асыға күтеді.
Марат (есімі өзгертілді): «Бостандыққа шығарып жіберетін періште келсе екен деймін. Бостандыққ шыққым келеді шынымен. Бала-шағамды сағындым. 2023-те бала-шағамның жанына барсам деймін».
Бұл азамат 25 жасында қыз зорлағаны үшін темір торға тоғытылған. Одан бері 7 жылдан астам уақыт өтті. Жастықтың буымен болды деген өкініш өзегін өртеген азамат осы уақыт ішінде көп нәрсенің өзгергенін айтады.
Марат (есімі өзгертілді): «Осы жерде отырып 12 жыл бас бостандығымнан айырылғам ҚР ҚК 120-бабы бойынша, қыз зорлау бабымен. Енді алдағы жаңа жылдарды үйде отбасымызбен қарсы алсақ Құдай қаласа, бар үмітіміз сол».
32 жастағы азамат жалпы 12 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол жазасын қатаң режимдегі түзеу мекемесінде өтеп жатыр. Маратты (есімі өзгертілді) үйінде ата-анасы мен бауырлары, жары мен 2 баласы күтіп отыр.
Марат (есімі өзгертілді): «Бостандыққа шықсам жаңа жылды естен кетпестей етіп қарсы алатын едім. Әке-шешеммен ата-ана мен балалық тұрғыда, отбасыммен кәдімгі романтикалық тұрғыда. Сөздің шыны керек, оған қиялдарым өте көп, оны айтып жеткізе алмаймын. Кейде хабарласқанда қызымды алдаймын, «қашан келесің папа?» дегенде, «Жаңа жылда барамын» деп. Осымен неше жаңа жыл өтті, бұл жаңа жылда да сұрайтын шығар. Жақы тілек тілесең орындалады дейді, күнде тілейтініміз осы».
Марат қазір түрмеде жұмыс істейді. Ешқандай жұмыстан қашпайтын сотталған азамат осында жүріп бостандықта алған несиесін де жапқан. Ол осы уақыт ішінде зиянды әрекеттерді доғарғанын, қанағатшыл бола бастағанын айтады. Сондай-ақ, өмірге деген көзқарасым түбегейлі өзгеріп, бостандықтың, ағайын-туыстың қадірін түсіндім дейді ол.
Марат (есімі өзгертілді): «Әртүрлі салада жұмыс істеймін бұл жерде, айлық аламын сол бойынша. Мемлекет тарапынан, жек тұлға тарапынан. Жеке тұлға тарапынан қарызымды 1-2 айда құтыламын осы жұмыс істеу арқылы».
Қазіргі таңда мекемеде 700-ге жуық сотталған өз жазасын өтеуде. Сотталған азаматтар темір тордың артында да ғажайыпқа сенетіндердің көп екенін айтады. Тіпті Жаңа жыл қарсаңында өздерінің дәстүрге айналған іс-шаралары да бар.
Мағжан Сенбек, №53 мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: «Жаңа жыл мерекесін тойлауға байланысты барлық жасақтарда стенгазета салып, сонымен қатар спорттық шаралар, арқан тарту, гир көтеру, дойбы, шахмат турнирлері өткізіледі. Сонымен қатар, кинокөрсетілімдер барлық жасақтарда жүргізіліп тұрады. Ол іс-шараларға мекемедегі сотталғандардың барлығы қатысып, белсенділік танытады. Белсенділік жақсы танытқан сотталған азаматтарға марапаттау шарасы мекеме басшылығымен беріліп тұрады».
Түзеу мекемесінде де мерекелік қойылымдар, спорттық-мәдени іс-шаралар өткізіліп, шырша қойылады. Ал жазасын өтеп жүргендер ғажайыпқа сенуін тоқтатпайды. Тіпті, түрмеде әлі 10 жылдан астам уақытын өткізетін болса да, өмірлерінің жақсы жаққа өзгеретеніне сенеді.