Ел аумағында 11 мың шақырымнан астам жол жөнделеді

40

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде биыл жалпы қоданыстағы 11 мың шақырымнан астам жолды құрылыс-монтаждау жұмыстарымен қамту жоспарланғанын хабарлады.

«Оның ішінде жеті мың  шақырымы  республикалық автомобиль жол желісі және 4 мың  шақырымы  жергілікті жол желісі. Республикалық желі арқылы 3,6 мың  шақырым жолды төсеу және қайта жаңарту жұмыстары жалғасады, оның ішінде 856 километр жолды жөндеуді аяқтау жоспарланып отыр», – деді Беков.

Оның айтуынша, нәтижесінде нормативке сәйкес жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 92 пайызға, жергілікті жолдар бойынша 87  пайызға  дейін жетеді.

«Күрделі және орташа жөндеу жұмыстары 3 400 шақырымды қамтиды. Жергілікті желі бойынша 4 мың шақырым жолда жөндеудің барлық түрі жүргізіледі, оның 3 мың километрінде бұл жұмыстар осы жылы аяқталады. Жыл соңына дейін нормативке сәйкес жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желіде 92%-ке, жергілікті желіде 87%-ке дейін артады», – деді Амангелді Беков.

Еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы бүгінде 95 мың шақырымды құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, Жер экваторының ұзындығы 40 075 шақырымды құрайды.