Шымкент мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмысы аяқталды

55

Елде сұйытылған газ бен дизотын тапшылығы азаюы мүмкін. Өйткені, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында ағымдағы құрылыс жұмыстары аяқталды. Жетіспеушіліктің бір себебі де осы- зауыт жұмысының тоқтауы еді. «Петроқазақстан ойл продактс» сәуір айының соңына дейін 366 мың тонна мұнай өңдеуді жоспарлап отыр.

Шымкент мұнай өңдеу зауытында құрылыс жұмыстары аяқталды. Жоспар бойынша 15 наурыз бен 8 сәуір аралығында зауытта ағымдағы жөндеу жүргізілуі тиіс болған. Бірақ, зауыттың техникалық директоры елде орын алған проблемаға байланысты мерзімінен бұрын бітіруге күш салдық дейді. Зауыт 5 күн бұрын бір құрылғысын іске қосса, 7 сәуірден бастап зауыт 100 пайыз жұмыс істей бастады. Қазір тәулігіне 18 мың тоннаға жуық мұнай өңдеп жатыр.

Бақыт Ерегенов, «Петроқазақстан ойл продактс» ЖШС техникалық директоры:
«Одан шығатын өнімдер, бензин 6,2 мың тонна, дизель отыны 5,6 мың тонна, авикеросин 1150 тонна, сұйытылған газ 820 тонна. Сәуір айының соңына дейін бекітілген жоспар бойынша 366 мың тонна мұнай өңдеуіміз керек».

Жалпы зауыттағы жөндеу жұмысы елде дизотын мен газ жетіспеушілігінің бір себебі еді. Бірақ, 3 күн бұрын іске қосылса да, Шымкентте әлі газ бен дизель тапшылығы байқалады. Жүргізушілердің айтуынша газ құю бекеттерінің бірінде «газ жоқ» деген жазу алынбаған, есігі тарс жабық. Ал, кейбірінде тек талонмен беріліп жатыр. Амалымыз қалмады деген тұрғындар бензин тұтынуға мәжбүр, бірақ оның да бағасы шарықтап кетті дейді.

«Бүгін азанда 2-3 заправкаға кірдім газ жоқ. Негізі қалада бірнеше күннен бері газ жоқ қой. «Газ жоқ» деп жазып қойған. Амалсыз бензинмен жүрмін, жұмысқа бару керек. Ал бензин қымбат. Енді осы мәселе ертерек шешілсе екен».

«Дизель жоқ, тек үлкен машиналарға беріп жатыр. Оның өзі ұзын сонар кезек. Ал жеңіл машиналарға мүлде құймай жатыр. Талон сұрайды. Оны біз қайдан аламыз? Ешкім айтпайды»,- дейді жүргізушілер.

Айта кетейік, бұған дейін қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов қазір қаладағы тек 50 пайыз газ құю бекеттерінде ғана тапшылық бар екенін айтқан еді. Сондай-ақ шенеунік қазір Шымкент қаласы әкімдігі мен министрлік арасында газды шекті бағада сату бойынша квотаны көбейту үшін тиісті жұмыс атқарылып жатқанын мәлімдеген болатын.