Заңгер кеңесі. Көршіңіз түнгі уақытта тыныштығыңызды бұзса, не істеу керек?

2365

Егер көршіңіз түнгі уақытта тыныштығыңызды бұзып мазаңызды алса, не істеу керек? Кімге және қайда шағымдану керек? Заң не дейді? Көптің көкейінде жүрген бұл сауалға редакция заңгері Венера Нұрғалиқызы жауап берді.

Ең бастысы, ескерту жасаңыз! Себебі көршіңіз болған соң бір мәмілеге келуге тырысыңыз. Мәмілеге кела алмаған жағдайда, полицияға хабарласқаныңыз абзал. Өйткені қатты музыка, айқай-шу, жанжал, балалардың сырқаттанып қалған жағдайдан бөлек еш алаңсыз ойнап, мазаны алуы, жөндеу жұмыстары, үйдегі немесе ауладағы петардалардың жарылуы – мұның бәрі тыныштықты бұзатын жайттарға жатады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 437-бабында көрсетілгендей, тыныштықты бұзу:

1. Жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіретін, сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін тыныштықты бұзу, оның ішінде тұрғын жайда және оның сыртында шұғыл қажеттілікпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргізу, сол сияқты тұрғын ғимараттарда және тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарының жұмыс күндері сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23-тен таңғы 10-ға дейін тыныштықты бұзуы:
* жеке тұлғаларға – 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

2. Егер де әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол әрекет үшін:
* жеке тұлғаларға – 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Тек ескерте кететін жайт, полиция қызметкерлері дауыс өлшегіш құралдарымен жабдықталмаған. Сондықтан көршілеріңіздің немесе өзге де адамдардың шулаған дауыстарын полиция қызметкерлеріне дәлелдеу үшін оны ұялы телефоныңызға түсіріп алғаныңыз дұрыс. Өйткені онда шулаған дауыстар естіліп, нақты уақыты көрсетіледі. Сондай-ақ санитарлық эпидемиологиялық мекеменің арнайы маманын шақыртып, дауыс өлшегіш құрылғымен өлшетіп, дәлелденген соң олардың тарапынан салынатын айыппұл мөлшері 30 айлық есептік көрсеткіш екенін білгендеріңіз жөн.