Түркістанда жылыту маусымына 10 млрд теңге бөлінген. Қаражат мемлекеттік мекемелер мен жылыжайларды жылытуға жұмсалады. Қазір өңірге қажетті тас көмірдің 15 пайызы әкелінді. Ал ауыл шаруашылық өкілдерінің газ бен көмір сатып алуға кеткен қаражатын субсидиялау жобасы енгізіліп жатыр.
2024 жылдан бастап жылыжайды жылытуға жұмсаған қаражат субсидияланбақ. Қазір жобасы жасалып жатыр. Егер құжат мақұлданса, шаруалар газ бен көмір сатып алуда шығынға баптайды. Ал әзірге мамандар жылыжайға қажетті тас көмірді жеткізіп беріп жатқанын айтады.
«500 жылыжай көмірмен жылынатын болса, 32 мың тонна көмір қажет. Оның ішінде Қазықұртқа 18 жарым мың тонна, ал Сарыағаш 10 мың тоннаға операторларға тапсырыс беріп қойды. Ордабасыға 2 мың тонна, Сайрамға 1,1 мың тонна қажет. Қазір операторларға тапсырыс беріліп қойды»,-деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов.
Түркістан облысында жылу энергетикалық кешендерге қажетті отын көлемі жасақталып жатыр. Өңірге жылыту маусымына 129 мың тонна көмір, 1 676 мың литр дизель, 2 мың тонна мазут, 16 106 мың м3 газ керек. Ал кей аудандарда әлі күнге дейін тұтынатын көгілдір отын көлемі бекітілмеген.
«Облыста жалпы жылумен қамтамасыз ету бойынша 7 кәсіпорын қызмет көрсетеді. Олардың құрамында 1 жылу энергетика кешені, 34 локалды қазандық және 2070 автономды қазандық бар. Аталған жылу орталықтары арқылы облыста 1282 білім, 676 денсаулық сақтау, 323 мәдениет, 9 жұмыспен қамту, 72 спорт нысаны және 704 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі. «Арыс жылу» МКК үшін 1 456 мың л дизель бөліну қажет болған. Мәселе әлі шешілмеді. Ал «Түркістан жылу» мен «Сарағаш жылу»-ға қажат газ мемлекет есебінен төлену керек еді. Әлі тарифтерді бекітіп жібермеген»,-облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков.
Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көппәтерлі 704 тұрғын үй 92,7%-ға дайын. Ал білім ордалары 1 қыркүйекке дейін сақадай сақ болады деп жоспарланған. Сондықтан өңір басшысы мамандарға жұмысты бақылауда ұстауды тапсырды.
«Бюджеттік мекемелер, әлеуметтік нысандар да толық дайын болып, биыл жылыту маусымын дұрыс үйлестірсін. Өткен жылғы кемшіліктерді қайталауға жол берілмейді. Көмір, мазут және өзге де керекті нәрселер уақытылы тасымалданып, тиісті жұмыстар жүргізілсін»,-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Жалпы облыс бойынша алдағы жылыту маусымына 10 млрд теңге бөлінген. Ал күнгей өңірге қажет көмірдің көлемі 991 мың тоннаны құрайды Қазір оның 15 пайызы облысқа әкелінді.