Хостелдегі өрт: Қаза тапқандардың арасында Шымкенттен келген студент те бар

587

Алматыда Әди Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде шыққан өрттен 13 адам қаза тапты. Олардың бірі — Шымкент тумасы, 15 жастағы студент. Ол Алматыдағы колледждердің бірінде білім алып жүрген.

Өрт құрбандарының тізімін Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы желі парақшасында жариялады. Қайтыс болған 13 адамның екеуі — Ресей, екеуі Өзбекстан азаматтары.

Қалған 9-ы қазақстандықтар. Олардың төртеуі Түркістан облысының тумалары.

Еске салсақ, 30 қарашада таңғы сағат 5:33-те төтеншеліктерге хостелде өрт шыққаны туралы хабар келіп түскен. Өрт сөндірушілердің алғашқы тобы оқиға орнына 7 минутта жеткен. Төтеншеліктер жеткен кезде үш қабатты тұрғын үйдің жертөлесінің жанып жатқанын көрген. Ғимараттың 1-қабаты мен жертөлесі хостел ретінде жабдықталған.

ТЖМ мәліметінше, алдын ала мәліметтер бойынша өрт ошағы жертөленің дәлізінде болған. Өрттің жалпы аумағы 30 шаршы метрді құраған. Жертөледе үй заттары, матрастар, есіктер жанған.

Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, кәсіпкер жертөлені хостел ретінде қайта жабдықтауға тыйым салу туралы норманы бұзған. Яғни, мемлекеттік органдар тарапынан хостелді ұйымдастыруға рұқсат берілмеген.

Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 292-бабына сәйкес қылмыстық іс тіркелді.

Мемлекет басшысы қаза тапқан Қазақстанның және шетел азаматтарының жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты. Бұл туралы Ақорданың ресми Telegram-арнасы жазды.

«Қайғылы жағдайға кінәлілер заң бойынша жауапқа тартылады. Үкімет пен әкімдікке зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету тапсырылды» делінген жазбада.