Шымкентте «Қыс-2023» республикалық оқу-жаттығуы өтті

Шымкент қаласында «Қыс-2023» республикалық командалық-штабтық жаттығуы басталды. Оқу-жаттығудың бірінші күні «3-Энергоорталық» мекемесінің тіршілікті қамтамасыз ету объектісінде тактикалық-арнайы жұмыстар өткізілді. Шартты түрде жасалған апатты жою үшін 159 қызметкер мен 30-дан астам техника жұмылдырылды.

Шымкенттегі «3-Энергоорталық» ғимаратында нысандағы турбиналық цехқа газ беретін құбыр жарылды. Салдарынан өрт орын алып, қазандықтар істен шықты. Сәйкесінше ғимаратта төтенше дабыл қағылып, барлық қызметкер эвакуацияланды. Оқиға орнына дереу төтенше жағдай қызметкерлері мен жедел-жәрдем мамандары жетті.

Бұл іс-шара «Қыс-2023» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығуы аясында өткізіліп жатыр. Мұндай жұмыстар бүгін қаладағы тағы 2 мекемеде өтті.

«3-Энергоорталық» АҚ мамандары нысанның өрт қауіптілігі жоғары болғанымен, барлық қауіпсіздік шаралары сақталғанын, кез келген апатты жағдайға дайын екенін айтады.

Жансерік Ерботаев, «3-Энергоорталық» АҚ бас инженері:

«Негізі бізде өрт қауіптілігі жоғары деңгейде. Бірақ, олардың барлығы қамтамасыз етілген. Станцияның өзінде өрт сөндіруге арналған құралдың барлығы, гидранттар бар. Әр цех өрт сөндіру кранымен қамтамасыз етілген.»

Апатты жою үшін ТЖ департаменті және азаматтық қорғау қызметтерінен мамандар мен техникалар жіберілді. Жылдам әрекет етудің нәтижесінде өртті сөндіру және авариялық қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Шартты зардап шеккендер қауіпсіз аймаққа шығарылып, оларға тиісті көмек көрсетілді.

Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары Жамбыл Жабаев:

«Бүгінгі жұмыстар «Қыс -2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында өткізіліп жатыр. Жалпы Шымкент қаласында 6 орында өтеді. Бүгін үшеуін атқарып жатырмыз. Қазандықтың біреуі істен шығады. Апатты жою үшін біздің мамандар мен техникалар, құралдар қаншалықты дайын екенін тексереміз.»

Жаттығуға қалалық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарының қызметі, жедел-құтқару жасағы, апаттар медициналық орталығы филиалының және «3-Энергоорталық» АҚ авариялық бригадасы, сондай-ақ коммуналдық қызметтер жұмылдырылды. Жалпы апатты жоюмен 159 адам мен 34 техника айналысты.