Шымкентте 91 әйел көмек көрсету орталықтарына орналастырылды

143

Шымкентте жарты жылда 91 әйел арнайы көмек көрсету орталықтарына орналастырылған. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ермахан Абдраманов мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен, яғни отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілгеннен бастап бүгінгі күнге дейін қала бойынша полицияның 102 арнасына отбасылық жанжал туралы 3304 шақырту түскен. 2485 құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс сотқа жолданған.

Айта кетейік, мұндай құқық бұзушылықтардың шаһарда алдын алу мақсатында  «Тұрмыс», «Зорлық-зомбылықсыз отбасы», «Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтатамыз» және «Зорлық-зомбылықа қарсы 16 күн» белсенділік акциялары мен жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізілген. Үкіметтік емес ұйымдары және әлеуметтік   арнаулы көмек көрсету орталықтарымен бірлесіп, азаматшаларға психологиялық, құқықтық және өзге де көмектер көрсетілуде.

Осы уақыт аралығында 91 әйел арнаулы көмек көрсету орталықтарына орналастырылды. Әлеуметтік ортамен жүргізілген жұмыстар барысында 146 жайсыз отбасы  есепке алынып, олармен тиісті жұмыстар жүргізілуде.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстар ерекше бақылауда», – деді Ермахан Абдраманов.