Диханшылығын бөдене бизнесіне айырбастады

64
фото Келес а. ӘБҚ

Келес ауданында бөдене жұмыртқасын өндіріп сату ісі табысты бизнеске айналып келеді. Бүгінде жергілікті тұрғындар бөдене құсын көбейтіп, жұмыртқа және ет күйінде нарыққа шығаруда. Солардың қатарында Ақтөбе ауылдық округінде тұратын Қайрат Әбдіразақұлы да бар. Ол бұл кәсіпті өткен жылдың соңына қарай бастап, бүгінде бөденелерінің санын 6 мыңға жеткізген.

— Ауылымыздағы тұрғындардың дені диқаншылықпен айналысып, нәпәқасын табады. Солар қатары бізде өз несібемізді жер анадан айырып отырған едік. Әлеуметтік желіде және таныстарымыздан бөдене бизнесі туралы естідік. Оның қыр-сырын үйреніп, Игілік ауылындағы Диана атты кәсіпкерден 2000 дана бөдене жұмыртқасын сатып алдық. Бүгінде үй ауыласында бөдене құсын өсіріп, оның жұмыртқасын сатуды отбасылық кәсіп қылдық. Енді егін егуді қойып, бөдене өсіру бизнесін дамытуды жоспарлап отырмыз, — дейді Қайрат Әбдіразақұлы.
Қайрат Әбдіразақұлы жары Гүлнұр Елшібекқызы екеуі алты перзентті өсіріп отыр. Көпбалалы отбасы бөдене бизнесінің болашағы зор деп біледі. Бүгінде аталған отбасы мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмысшылар алып, ауылдастарын жұмыспен қамтуды қолға алды.
Айта кетейік, бөдене жұмыртқаны ең тез беретін құс саналады. Көптеген дерт түрлеріне шипасы мен емдік қасиеті бар. Әсіресе, адам ағзасындағы зиянды қалдықтар мен шлактарды тазартады. Асқазан аурулары, туберкулез, созылмалы холецистит, демікпе, жүйке, жүрек ауруларына да пайдасы орасан. Дәрігерлер сүйіп айтатындай, құрамы – калий, фосфор, темір, радионуклид секілді оңды қоспалардан тұрады. Оның бағалылығы да осыдан болып тұр.