Түркістанда Наурыз мейрамы аясында халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін тамашалуға шетелдіктер де қатысты.
«Армысың әз-Наурыз» мерекелік іс-шарасында тұрғындар мен қонақтар ұлттық қолөнер және тағамдар көрмесін, ұлттық спорт түрлерінен сайысты тамашалады. Театрландырылған музыкалық хореографиялық қойылым көптің жоғары бағасына ие болды.
«Наурыз – молшылық пен тоқшылықтың мейрамы! Біз үшін 5 мың жылдан бері тойланып келе жатқан айтулы мерекенің орны айрықша. Түркістан өңірінде Наурыздың өте жоғары деңгейде өтуі – табиғи заңдылық. Себебі Ұлы Тұран даласы – тарихымыз бен болмысымыз сақталған қасиетті өлке! Наурыз – Оңтүстіктен басталады! Сондықтан еліміз бен шет елдің саяхатшылары Наурызды қасиетті Түркістанда қарсы алуды қалайды. Мәселен, биыл Ұлыстың ұлы күніне орай Түркістанға келуші саяхатшылар саны 20 мыңнан асып отыр. Әуе рейстерінің артуы, қонақүйлердің 100 пайыз толуы – Түркістанның туристік орталыққа айналғанын көрсетеді. Әр шаңырақ – шаттыққа, еліміз берекеге толсын!«, — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
«Табиғаттың оянуы» және «Армысың, әз Наурыз!» театрландырылған музыкалық хореографиялық қойылымы, «Түркістан» композициясы, түрлі сахналық көріністер көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қазақ халқының тұрмыс-салт жыры саналатын «Жарапазан» айтылды. Түркі халқының достығы мен ұлттық салт-дәстүр дәріптелетін әндер шырқалды. Сонымен қатар «Тұсаукесер» рәсімі, қолөнер шеберлері мен суретшілерінің, ұлттық тағамдардың көрмесі әзірленген. Думанды мереке кешкі концерттік бағдарламамен жалғасты.