Бизнесті қолдауға қаржы қайдан алуға болады?

41

 

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында өткен семинар осы тақырыпқа арналды. Үшінші мегаполистің кәсіпкерлерімен кездесуге «QazInnovations» Инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ өкілдері келді.

Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев спикерлер – сараптау орталығының бас сарапшысы Асхар Мұса мен сарапшы Ержан Жаңабековті таныстырып, Ұлттық агенттік ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің инновациялық гранттар ұсыну операторы болып табылатынын жеткізді.

«Жалпы, инновациялық гранттар – инновациялық жобаларды іске асыру үшін өтеусіз негізде берілетін бюджет қаржысы. Біздің инновациялық гранттар технологияларды коммерцияландыру; жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды технологиялық дамыту, салаларды технологиялық дамыту сияқты үш бағытта беріледі. Оның ішінде технологияларды коммерцияландыру – оң экономикалық тиімділік алуға бағытталған, жаңа немесе жетілдірілген тауарларды, процестер мен көрсетілетін қызметтерді нарыққа шығару мақсатында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін іс жүзінде қолдау», – деді сараптау орталығының бас сарапшысы Асхар Мұса.

Грант алу үшін өтінім берушінің кемінде грант сомасының 10 пайызындай мөлшерде жеке қаржысы, бизнес-инкубация немесе акселерация бағдарламасын аяқтағаны жөніндегі сертификаты болуы тиіс. Ал егер инновациялық жобаға бұрын мемлекеттік қаржылай қолдау көрсетілген болса, онда инновациялық грант алуға қатыса алмайды. Өтінімдер электронды түрде қабылданады.

Семинар барысында кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардың жауабын алды.

Агенттік өкілдерінің айтуынша, инновациялық гранттар ұсыну шарттарын түсіндіру және кеңес беру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.