Мақтаарал ауданында өңірлік өнім көлемі 139 млрд. теңгеге жеткен. Бұл туралы облыс басшысының тұрғындармен кездесуінде айтты. Сонымен қатар аймақта кейінгі жылдары инфрақұрылым тарту жұмысы қарқын алған. Ал Дархан Сатыбалды алдағы уақытта тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне көңіл бөлу керектігін алға тартты.
Мақтаарал ауданында былтыр өңірлік өнім көлемі 139 млрд. теңгені құрады. Ал шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12 мыңнан асты. Бұл соңғы 3 жылдағы көрсеткіш бойынша 22 пайызға өскенін көрсетеді. Сонымен қатар кәсіпкерлікке қаражат құйғандар саны да артып келеді. Бұл жайында аудан әкімі мәлім етті.
«Негізгі капиталға салынған инвестиция 2023 жылы 37,5 млрд. теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 159,3 пайызға артығымен орындалды. Ал 2024 жылы бұл көрсеткішті 41,1 млрд. теңгеге ұлғайту көзделіп отыр. Ал ауыл шаруашылығы бойынша 90,1 млрд теңге өнім өндіріліп, индекс көлемі 101,8 пайызды құрады», дейді Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы негізінде аймақта 23 жоба жүзеге асты. Ол үшін бюджеттен 2,4 млрд. теңге бөлінген. Осылайша 16 елді мекенге инфрақұрылым жүйелері жеткізілді. Ал биыл 12 ауылға 2,3 млрд. теңге қаралып отыр. Атқарылған жұмыстар барысын шолып өткен өңір басшысы алдағы уақытта халықты жұмыспен қамтуға баса назар аудару керек екенін айтты.
«Біз көп жылдан бері тек мектеп, аурухана салу, жол, жарық жүргізу ісімен айналысып жүрміз. Бірақ енді тұрғындарды жұмыс істетіп үйретуіміз керек. Жаңа айтып жатыр жаңа технология бойынша мақта егіп жатқаны сияқты. Сондай тиімді жобаларды қолға алу керек. Сондықтан аудан әкіміне тапсырма беріп жатырмын. Бір жобаны қарап, тиімдлігін көрген кезде. Бүткіл аудан шаруалары сол технологияға көшу туралы», — дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Сонымен қатар, облыс әкімі ауданда егін шаруашылығы дамығандықтан су үнемдеу технологиясына көшуді ұсынды. Сөзінше жыл сайын су тапшылығы байқалып жатыр. Сондықтан келешекте егіс алқабын сақтап қалу үшін алдын алу жұмыстарын қарастыруды тапсырды.