Шымкентте жемқорлық фактісі көп салалар белгілі болды

60

 

Шымкентте сыбайлас жемқорлықтың алдын алатын арнайы карта әзірленді. Енді бұл карта арқылы 15 сала бақылауға алынады. Егер де жемқорлық фактісінің жолын кесу мүмкін болмаса, бұл картаның көмегімен жедел тергеу жұмыстарын жүргізуге болады. Қалалық антикор басшысы кезекті брифингті осындай жаңалықпен бастады. Сонымен қатар атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесіндегі мәліметтермен бөлісті.

Егер жемқорлық фактісін алдын ала хабарласаңыз, 400 айлық есептік көрсеткішке дейін жемқорлық соммасынан 10 пайыз үстем ақы ала аласыз. Дәл солай жыл басынан бері шымкенттік 5  тұрғын жемқорлық фактісін хабарлап, 8,8 млн теңге үстемақыға ие болған. Жалпы биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық департаментінде 123 қылмыстық іс тіркелген. Оның  88-і жемқорлық, 31-і мемлекеттік қызметкердің сыбайластық айласы бойынша орын алған. Айта кеткен жөн, жемқорлық фактісін хабарлағанда, нақты дәлел-дәйекке баса назар аудару қажет.

Бекмұрат Төлебаев, СЖҚІҚА Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы орынбасырының міндетін атқарушы: «Call орталыққа хабарласқан уақытта тұрғын бірінші кезекте департаментке шақыртылады. Онымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бас прокурор бекіткен арызға сәйкес, арыз алынады. Сол арызға байланысты ол 419-шы қылмыстық кодекстің бабына сәйкес, жалған ақпарат таратуға алынып, болмаса жалған мәлімет беру туралы ескерту жасалады».

Жемқорлық тәуекелдерін бақылайтын карта: білім, медицина, жер қатынастары, тұрғын үй, сот, полиция және мемлекеттік сатып алу сынды маңызды 15 саланы қамтиды. Биыл мемлекеттік сатып алу порталына жүргізілген мониторинг нәтижесінде бюджеттен 6 млрд теңге үнемделіп отыр. Қалалық антикор басшысы Қанат Сүлейменов бұл бақылау артық шығындардың алдын алады дейді.

Қанат Сүлейменов, СЖҚІҚА Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы: «Құрылыс саласында профилактикалық шаралар жалғасуда. Мониторинг барысында, анықталғандай өндірілген құрылыс- монтаждық жұмыстарының кепілдік мерзімдері әртүрлі және 2 жылдан 10 жылға дейін өзгеруі мүмкін. Мәселен, соңғы 6 жылда қалалық құрылыс басқармасы 154 млрд теңгеге 193 көпқабатты тұрғын үй салған. Мердігермен жасалған барлық келісімшарттарда 5 жылдық кепілдік мерзімі берілген».

Жемқорлық тәуекелдерін жою үшін жүргізілген бақылау спорт саласындағы да біраз былықтың бетін ашқан. 34 ұсынымның нәтижесінде бұл саладан бюджетке 13,3 млн теңге қайтарылыпты. Спорттағы сыбайластықтың негізгі формуласы, бірқатар спорт мектептерінде қызметкерлер жалақысына еселеп қосымша ақы қосқан. Тағы бір былықтар мамандар жалған құжаттар негізінде біліктілігін көтеріп, арнайы атақ иеленген екен. Енді ол 19 жаттықтырушы мен 13 әдіскердің бұл атақтарының күші жойылған.

Қанат Сүлейменов, СЖҚІҚА Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы: «Сонымен қатар, бюджеттік спорт ұйымдарының қызметкерлеріне қосымша ақыны есептеуде бірнеше кемшіліктер анықталды. Құқықтық актілердегі олқылықтар, жаттығу процесін қамтамасыз ету үшін қосымша ақыны өз бетінше есептеу мүмкіндігі негізсіз жоғары үстем ақылардың қалыптасуына ықпал еткен».

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент шаһардағы жемқорлықтың үлесі көп салаларды атады. Ол білім беру және құқық қорғау салалары екен. Енді жоғарыда айтылған жемқорлық тәуекелдерінің картасы осы салаларды жіті бақылап, жоғары көрсеткішті жоюды көздеп отыр.

Әділет Әнуар