Шымкентте газдандыру жұмысы жыл соңына дейін 97% — дан асады. «QazaqGaz» ұлттық компаниясы қаладағы үш тұрғын алабы және «Тассай» индустриялық аймағын газға қосты. Бұл мыңдаған адамның өмір сүру сапасын едәуір жақсартады. Енді олар тұрмыстық қажеттіліктер мен жылыту үшін экологиялық таза және ыңғайлы отын түрін пайдалана алады. Жұмыс сапары барысында ұлттық компания басшысы газ инфрақұрылымы нысандарын тексерді.
Шымкенттегі Тассай, Еламан және Қайнарбұлақ тұрғын алабының халқы көгілдір отынға қол жеткізді. Енді газ желісіне қосылған тұтынушылар табиғи газ игілігін көреді. Гүлнар Тұрсынова бұған дейін үйін жылытып, пеште тамақ пісіру үшін көмір сатып алатын. Қазір жағдай басқаша. Газ тек ыңғайлы ғана емес, сонымен қатар қауіпсіз дейді тұрғын.
Гүлнар Тұрсынова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Газ келіп, тірлігіміз жеңілдеді. Шаң-тозаңнан кішкене болса да құтылдық. Таза, табиғи. Әрине, қуанып жатырмыз. Бұл елдің қамы ғой».
Тек аталған мекенжайлардағы тұрғындар ғана емес, Тассай өндірістік аймағында 31 кәсіпорынға газ жеткізілді. Жалпы биыл 12 шағынауданның 25 мыңнан астам абоненті табиғи газға қосылады.
Рзабек Меңдіқұлов, Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы: «Жылдың соңына дейін Қайтпас-1, Бозарық-1, Ынтымақ-2 кезең-кезеңімен газды қосып жатырмыз. 2026 жылға дейін көрсеткішті 100% көтереміз».
Биылға жоспарланған құрылыс аяқталса газдандыру көрсеткіші 97,4%-ке жетеді дейді мамандар. Шымкенттің үш шағын ауданының тұрғындары үшін көптен күткен сәт, яғни үйлерді газға қосу рәсіміне мегаполис әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «QazaqGaz» Басқарма Төрағасы Санжар Жаркешов келді. Басқарма төрағасы Президент тапсырмасымен ел аумағында 73 елді мекенде құрылыс жүріп, көгілдір отын тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын айтты.
Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы: «9 өңірде, 54 елді мекенде газ жүргіздік. Ол шамамен 85 мың жаңа абонент. Осы жылдың соңына дейін тағы да 19 елді мекенге газ жеткіземіз. Ол шамамен 45 мың жаңа абонент болады. Жалпы айтсақ, осы жыл бізге өте бір нәтижелі жыл болды».
Мамандар қауіпсіздік ережелеріне ерекше мән беруге шақырады. Газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істеуі мен оны пайдаланудың қағидаларын сақтау маңызды дейді олар. Айта кетейік, «QazaqGaz» компаниясының мәліметінше, биыл 11 айдың ішінде елдің тоғыз өңірінде 54 елдімекен газға қосылған.