Жаңа жылдық отшашу керек пе?

22

Отшашулар жаңа жылдық мерекенің ажырамас бөлігіне айналған. Дегенмен, оларды пайдалану ерекше қырағылықты қажет етеді. Қауіпсіздік ережелерін бұзу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін, соның ішінде күйіктер мен түрлі жарақат бар. Отшашудың адам қолында жарылып кеткен жағдайы да кездесіп жатады. Қайғылы жағдайды болдырмау үшін тек сертификатталған пиротехниканы сатып алу маңызды дейді мамандар. Жалпы отшашу қолдануға бола ма?

Отшашу және өзге де пиротхеникалық бұйымдарды сертификатсыз сатушыларға айыппұл салынады. Құқық қорғау органы қызметкерлері сатып алушыларға сертификаттар мен лицензиялардың көшірмелерін талап етуге кеңес береді. Жауаптылар сөзінше, лицензиясы жоқ пиротехникалық тауарды сатуға болмайды.

Ал оны сатып алып, пайдалану кезінде көпшілік өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамайды дейді мамандар. Бұл түрлі қатерге алып келуі мүмкін. Төтеншеліктер отшашуларды ашық алаңда, әсіресе кез келген ғимараттардан 50 метр қашықтықты сақтап отырып қолдану керегін айтады. Сонымен қатар, пиротехниканы пайдалану ережесімен міндетті түрде танысып шығу керек.

Әбдінұр Темірбай, Қаратау ауданы ТЖД басқармасының инженері: «Пиротехникалық бұйымдарды пайдаланған кезде алдымен ашық алаңда, ғимараттар мен құрылыстан кемінде 50 метр арақашықтықты сақтай отырып, қолдануға кеңес беріледі. Балаларға қолдануға тыйым салынады. Және оны пайдаланған кезде сертификатталған пиротехникалық бұйымдарды қолдану ережесімен танысу керек».

Дегенмен елімізде отшашу үшін жауапкершілік қарастырылғанын ұмытпаған абзал. Бірақ жаза тәртіп бұзылған уақытта ғана қолданылады. Яғни, пиротехникалық заттарды жұмыс күндері түнгі сағат 22.00 мен 9.00 аралығында, ал демалыс пен мереке күндері сағат түнгі 23.00 пен 10.00 аралығында атуға тыйым салынады.

Бұл ереже жаңа жыл мерекесінде ғана емес, жылдың барлық мезгіліне қатысты. Сонымен қатар отшашуды рұқсат етілмеген жерде атып және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзғандар 20 АЕК көлемінде, нақтырақ айтқанда 73840 теңге айыппұл арқалайды.

Мақсат Қалымбетов, Шымкент қаласы ПД Әл-Фараби АПБ әкімшілік полиция бөлім бастығы: «Пиротехникалық бұйымдарды елдімекендерде, қалада қоғамдық орындарда ату Әкімшілік кодекстің 436-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Ал сертификатталмаған, лицензиясы жоқ бұйымдарды, атап айтқанда, пиротехникалық заттарды сату әкімшілік кодекстің 196-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған».

Пиротехниканың кез келген түрін кәмелетке толмағандарға пайдалануға мүлдем болмайды. Осы ретте дәрігерлер отшашуларды қолдану кезінде қауіпсіздікті сақтамау ауыр жарақатқа әкелуі мүмкін екенін ескертеді.

Нұрбол Сахов, Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі: «Қолдарда жарылған кезде біздің жиі байқайтынымыз — саусақтардың травматикалық ампутациясы күйіктермен бірге жүреді. Екіншіден, егер адам қараса немесе қайта жанса, жарылып, бет күйіп қалады, көздің күйіп қалуы мүгедектікке әкеп соғады».

Отшашуды қолданудың қажет немесе керек еместігі жөнінде тұрғындардың пікірін сұрап көрдік. Шымкенттіктердің бірі Жаңа жылда бір рет пайдаланғанда тұрған ештеңе жоқ десе, енді бірі мүлдем қарсылық танытты.

Төтеншеліктер егер пиротехника жұмыс істемесе, оны қайта жағуға немесе ішіне қарап үңілуге болмайтынын ескертеді. Мұндай өнімдерді құрғақ жерде және жылыту құрылғылары мен балалардан алыс жерде сақтау керек.