Қазақстанда алдағы уақытта жұмысшы мамандарға сұраныс артады. 2030 жылға қарай елімізге 400 мың жұмысшы маман қажет болады. Оның 40 мыңнан астамы өнеркәсіп саласындағы қызметкерлер болмақ. Мұны Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеді.
Бұл – Шымкенттегі шұлық өндірісімен айналысатын кәсіпорындардың бірі. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты – 24 миллион шұлық. Алайда, қазір өндіріс орнына жеткілікті жұмыс күшін тарту — фабрика үшін басты мәселенің бірі болып отыр.
Асан Балабиев, зауыт директоры: «Бізге фабрикаға 500 адамды жұмысқа алу керек. Қазір бізде 50 адам жұмыс істейді. Әлі 450 адам қажет. Ерлерге, әйелдерге, үлкен кісілерге де жұмыс бар»
Қазақстанда алдағы жылдары жұмысшы мамандықтарының тапшылығы үлкен проблемаға айналуы мүмкін. 2030 жылға қарай ел экономикасына шамамен 400 мың жұмысшы маман қажет болады. Мұны Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Сала сарапшылары келешекте қандай мамандықтарға сұраныс артатынын айтты.
Дулат Өтеғали, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының жетекші сарапшысы:
«Жүк машиналарын айдайтын мамандарға. Жүргізушілерге. Сантехниктерге. Сонымен қатар дәнекерлеушілерге. Құрылыс саласындағы бригадирлерге. Автобус жүргізушілеріне. Сылақшылар мен тракторшылар сияқты жұмысшы мамандықтарына сұраныс болады деп болжануда»
Сарапшылар жастардың жұмысқа деген құндылықтары өзгерген дейді. Сондықтан жұмысшы мамандықтарын таңдауға деген қызығушылық төмен. Дулат Өтеғалидің сөзінше өскелең ұрпақ «тез баюды» қалайды.
Дулат Өтеғали, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының жетекші сарапшысы:
«Ең бірінші жастардың жұмысқа деген құндылықтық бағдарларының өзгеруін атап өтуге болады. Қазіргі кезде түрлі зерттеулерге көз жүгіртсек құныдылықты бағдарларда материалдық қамсыздану немесе тез уақытта материалдық жетістікке жету деген мәселе туындайды»
Үкіметтегілер бұл мәселені шешу бағытында жұмыстардың тиісті деңгейде атқаралып жатқанын айтады. Сөздерінше, елдің әр өңірінде колледждер жаңартылып, дуальды оқыту жүйесі енгізіліп жатыр. Тіпті, алдағы уақытта «ауыр жұмыс» деген түсінік түбегейлі өзгереді екен.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі: «Биыл индустрияландыру картасы аясында 190 жобаны іске қосу барысында машина жасау саласында 3D басып шығару және дәнекерлеу инженері, роботтандырылған бояу жүйелерінің операторы сияқты тағы 8 жаңа мамандық пайда болады. Осылайша, қолмен жұмыс жасау түрі біртіндеп автоматтандырылған еңбек түріне алмастыруда»
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда жұмысшы мамандығының 2 мыңнан астам түрі бар. Министрлердің айтуынша, бұл саладағы қажеттілік жылдан жылға артып келеді. Сол себепті, маман тапшылығын жою мәселесі үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі ретінде қала бермек.