Балалар арасындағы семіздік мәселесі жыл сайын артып барады. Әрбір бастауыш сынып оқушығы артық салмаққа ие. Мамандар мұны тек қана қозғалыстың аздығы мен гаджетке тәуелділіктен емес, ата-анаға да байланыстырады.
Әрбір бесінші бастауыш сынып оқушысы семіздікке шалдыққан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қазақстанның Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының деректеріне сүйенсек, 6–9 жас аралығындағы балалардың шамамен 20%-ы осы мәселеге тап болған. Мамандар дерегінше, артық салмақ дұрыс тамақтанбау мен шектес тыс тәтті тағамдарды тұтынудың салдары. Олардың сөзінше кейінгі кезде бүлдіршіндер экран алдында ұзақ отырады. Ондай сәтте бейсаналы түрде артық тағам тұтыну қаупі басым.
Ал нутрициологтар балалар судың орнына жиі газдалған сусынды таңдайды, ал ол – ешқандай қоректік құндылығы жоқ бос калория екенін айтады.
Луиза Алтынбекқызы, диетолог-нутрициолог: «Ата-аналар балалардың тамақтануын бақылауға уақыты аз, мектепте дұрыс тамақтануы мүмкін, бірақ үйде тәттілер көп жеп қояды. Бұл – ата-ана мен балаға ортақ мәселе. Ең алдымен балаға түсіндіру керек, зиян екенін, ол неге артық тамақтанып жатқанын. Сонымен қатар тәттінің орнына пайдалы, тәттіге баламалы өнімдер табуға болады»
Артық салмақтың негізгі себебі – отбасындағы тамақтану дағдысы. Ата-ананың күнделікті ас ішу әдебі баланың өмір салтына әсер етеді. Дәрігерлердің айтуынша, семіздік сыртқы келбет емес, ең алдымен денсаулыққа тікелей қауіп тигізеді.
Ғалия Серікова, балалар эндокринологы: «Артық салмағы бар балаларда бой өсуінде тежелу байқалады, оларда құрдастарына қарағанда өсу аймақтары ерте жабылады. Сондай-ақ қыз балаларда ерте жыныстық жетілу, етеккір циклінің бұзылуы, ұл балаларда жыныс мүшелерінің дамуында ақаулар байқалуы мүмкін. Болашақта мұның бәрі екі жыныста да бедеулікке әкелуі ықтимал»
Жаңа оқу жылынан бастап қазақстандық мектеп оқушылары жаңа ереже бойынша тамақтанады. Үкімет білім ордасының асханаларына жаңа стандарт енгізді. Мәзірге көкөністер мен жемістер, пайдалы дәнді-дақылдар көбірек қосылса, тұз бен қант керісінше азаяды.
Әсел Мәлік






