Úı ANONS «Ата-ана жаңа мәзірге жауапсыз қарайды»

«Ата-ана жаңа мәзірге жауапсыз қарайды»

Жаңа стандарт жақсы, бірақ мәселенің екінші қыры бар. Биыл мектептерде жаңа тамақтану тәртібі енгізіліп жатыр. Білім ошақтары оған түгел көшіп болмаса да қазірдің өзінде сәтті жүргізіп жатқандары баршылық. Тамақтану саласының мамандары жаңа үрдісті оң бағалап жатқанымен тағы бір түйткіл туып тұр. Енді ата-аналардың жауапкершілігін күшейту керек. Өйткені, үйден тәттіге тойып келген бала мектеп асханасына келгенде тәбеті тартпай қалады.

Денсаулық сақтау министрлігі биылдан бастап мектеп асханасындағы ас мәзірін өз қарамағына алды. Сонымен бірге, ас мәзірін жаңартып, тамақ құрамындағы қант пен тұз, майдың көлемін азайтты. Соған байланысты білім ошақтары біртіндеп жаңа мәзірге ауысып жатыр.

Астанадағы №96 орта мектеп оқушыларын жаңа стандартпен тамақтандырып жатқан мектептердің бірі. Астың өзі бала санына лайықтап дайындалатындықтан асханаға кіретін әрбір оқушы арнайы бақылаудан өтеді. Мұндағы аспаздар жаңа тәртіпке сай ас дайындағанда қант пен тұздың, майдың үлес мөлшерін азайта бастаған.

Алмагүл Әшікова, мектеп асханасының жетекшісі: «Мына тамақтар кәдімгі үйдегі дайындалатын тамақ сияқты. Бірақ бұл жерде тұзы аз, майы аздау болады. Өйткені, баланың ағзасы майды да көп қабылдай алмайды. Сосын тұзды да аз мөлшерде салуға тырысамыз. Компоттарға да солай, әр түрлі сусын жасаймыз. Соның өзінде де қанттың мөлшері бар өзіндік. Үйінен тәтті-мәтті алып келеді, сонысын жеп отырады өзімен бірге алып келген. Ата-ананың өзі де кейде жауапкершілік танытпайды баланың тамағына».

Алайда балалар жаңа мәзірге бірден үйрене алмаған. Сондықтан мектептің өзі дұрыс тамақтану дағдысын қалыптастыру үшін түрлі көз тартар тағам түрін пісіріп, балаларды қызықтыра бастаған. Мәселен, мына құймақтардың жасылы шпинат араластырылып, ал қызылы қызылшамен жасалған.

Алмагүл Әшікова, мектеп асханасының жетекшісі: «Ішінде ірімшік. Ешқандай қант қосылмаған. Сәл-сәл проценті аз қаймақ қосылды. Мына жерде қызылша қосылған құймақ. Одан кейін сәбіз қосылған пирог. Бұған да балалар үйреніп келе жатыр. Алдыңғыдай емес, қазір көлемін көбейтіп, өзгертіп, әр түрлі шығарамыз».

Мамандардың айтуынша, мектеп асханасында бұрын тамақтың желінбеу индексі өте жоғары болса, енді ол қалдығы арнайы формуламен есептеліп отырады. Оның үстіне, жаңа стандартпен күнделікті рационда ақуызға бай ет, бұршақтұқымдастар, сүт өнімдері көбейеді. Бұл бала денсаулығына оң әсерін тигізеді.

Жанна Нұрбергенқызы, нутрициолог: «Жаңа стандарт бойынша мектептерде тәтті сусындарды, дәмі бар сусындарды қант қосылған түрлі шырындарды сатуға тыйым салынды. Бұл өте дұрыс шешім. Өйткені, олардың балалардың ағзасына тигізіп жатқан кері әсері өте көп. Біріншіден, олардың құрамында қант көп, ол баланың ағзасы үшін үлкен стресс. Екіншіден, мұндай тәтті сусындардың құрамында ароматизаторлар болады».

Маманның пікірінше, мұндай зияны көп тағамдарға мектепте тыйым салынса, ол оқушыларда дұрыс тамақтану туралы ой қалыптастырады. Ал қазір балалар рационында қант өте көп. Тіпті жерде өсетіннің бәрі көмірсу десек, қант соның ішіндегі ең қарапайым түрі. Демек, қандай көмірсу жесек те ол ағзаға түскенде қантқа дейін ыдырайды.

Жанна Нұрбергенқызы, нутрициолог: «Қанттың үнемі көтеріліп-төмендеп тұруы инсулинорезистенттілікке әкеледі, ол әрі қарай қант диабетіне шалдықтырады. Балалар арасындағы артық салмақтың да негізгі себебі ең бірінші сол тәттілер, екіншіден, артық жоғары колория және аз қозғалу».

Нутрициологтың сөзінше, адам денсаулығының 90-95%-ы жейтін тамағына байланысты. Ал оның қазір ішіп-жеген тамағы 3-4 жылдан кейінгі жетістігі болады. Сондықтан ата-аналарды оқушылардың тамақтану тәртібіне мұқият қарауға шақырады.

Ербол Тұрымбет