Түркістанда Әлем және Азия чемпионатының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Өңірдің үздік спортшыларына автокөліктер, ақшалай сыйлықтар және алғыс хаттар табысталды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров спортшыларға Қазақстандық спорттың дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, бүгінде Түркістан облысы әлемдік аренада алдыңғы қатарлы өңірлердің біріне айналып отырғанын атап өтті.
Облыс әкімі Түркістанда ел үмітін ақтаған әлем және азия чемпиондарын арнайы қабылдап, алғысын білдірді. Салтанатты жиында спортшыларға автокөліктер мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Осындай құрметке ие болғандардың бірі Асылжан Есенгелді.Ол Хорватияда өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған болатын.
Асылжан Есенгелді, Еркін күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері: «Жастарға қолдау көрсетіп осындай көлік сыйлап жатқандарына алғысымды білдіремін. Осындай тағы да Алла қаласа әлем чемпионаты, әлем біріншіліктері келе жатыр. Келесі жылы да осындай жетістіктерге жетіп,еліміздің көк туын үлкен тұғырларда көрсетемін деген үміттеміз».
Сонымен қатар, әлем чемпионы атанған қол күрес шеберлері — Санжар Зарубек, Нұрдәулет Айдархан және Ердәулет Мұхамбетовке де автокөлік пен алғыс хаттар берілді. Ал қол күресі құрамасына 10 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Ердәулет Мұхамбетов, Қол күресінен әлем чемпионы: «Ауыртпашылық әр спортта болады. Біз ауыртпашылыққа қарамай ағайларымыздың мотивациясы бар. Ата-анамыздың қолдауы бар. Сол арқылы білінбеді».
Салтанатты жиын Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде өтті. Жалпы 24 спортшы мен жаттықтырушы алғыс хаттармен марапатталды.
Медет Құттымұратов, Қол күресінен әлем чемпионы: «17 жылдық еңбектің нәтижесі. Облыс әкіміне алғысымызды білдіреміз. Елеп осылай еңбегімізді бағалап жатқанына. Және осы жетістікке бірден-бір жетуіміздің себебі жаттықтырушымыз Арман Қарсыбаевқа алығысымызды білдіреміз».
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров спортшыларды әлем аренасындағы тарихи жетістіктерімен құттықтап, мұның бәрі қажырлы еңбек пен жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Әлемнің 76 мемлекетінен келген мықтыылар арасында жүлде алу ол үлкен еңбек пен тиянақты дайындықтың нәтижесі. Мына Асылжан бауырымыз бұл жүлдесіне дейін де жастар арасында күміс және қола медалге ие болған болатын. Бұл жеңістер аймақтағы жас балуандарға жігер беретіні анық».
Сондай-ақ өңір басшысы бүгінде Қазақстан, соның ішінде Түркістан облысының спортшылары қол күресінде әлемдік деңгейде көш бастап тұр. Осы чемпиондарды жетілдірген бапкерлер мен ата-аналарына алғысымды білдіремін деді. Және алдағы олимпиада ойындарынан жүлделі келетіндеріне сенетінін айтты.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Биыл спортшылар жеңістерімен бізді қуантып жатыр. Бұл нәтижелер — спорт инфрақұрылымын дамыту мен талантты спортшыларды қолдау жөніндегі жүйелі жұмыстың жемісі. Келесі мақсат — олимпиадалық медаль. Біздің батырларымыз үмітті ақтады деп барлығымыз сенеміз».
Айта кетейік биыл тоғыз айдың ішінде Түркістан облысының спортшылары Қазақстан чемпионаттарында 1060, Азия чемпионаттарында 109 және әлем чемпионаттарында 79 медаль жеңіп алған.
Ботакөз Әнуар






