Úı ANONS 600 орындық мектеп ашылды

600 орындық мектеп ашылды

Келес ауданында жаңа «Келешек» мектебі ашылды. 600 орынға арналған заманауи білім ордасы қазіргі стандарттарға толық сай келеді. Мектепте жасанды интеллект, өнер және түрлі үйірмелерге арналған кабинеттер қарастырылған.

Түркістантан облысында тағы бір «Келешек» мектебі ашылды. Білім ордасы 600 орынға шақталған. Мұнда қазірдің өзінде 700-ден аса бала оқуға өтініш тастап үлгерген. Мекеме директоры ұстаздар құрамы жинақталып, бүлдіршіндерге сапалы білім беруге сақадай сай екенін айтады.

Нұрболат Ботабеков,  №65 ЖББМ директоры: «Мектепте барлық білім алуға жағдай жасалған. Жасанды интеллект сыныптары, өнер, үйірме сыныптары қамтамасыз етілген.  Бүгінгі таңда бізде 52 мұғалім қабылданған. Оқушылар келген кезде жанымыздағы мектептен ауысу тәртібімен және конкурстық негізде қабылданатын болады».

«Келешек» мектебінде балалардың сапалы білім алуымен қатар, шығармашылықпен айналысуына да мүмкіндік мол. Жергілікті тұрғындар жаңа білім ордасының ашылғанына ерекше қуанышты.

Шералы Сәрсенұлы, Абай ауылының тұрғыны: «Өте қуанышты. Бұдан артық көтеріле берсе. 7 жылда үлкен қала болады деп есептеймін,  жастар келешек ұрпақ соларға қарап өсіп, еліміз аман болып, жастар отансүйгіш болып өсе берсін».

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бой көтерген  жаңа мектеп заманауи инфрақұрылыммен толық жабдықталған. Мұнда спорт және мәдениет залдары, асхана, коворкинг алаңы, кітапхана, мәжіліс залы, арнайы пән кабинеттері мен шеберханалар бар. Сондай-ақ оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына арналған ашық футбол алаңы да қарастырылған.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Жобасы аясында салынатын 217 мектептің 29-ы немесе 13 пайызы біздің өңірде бой көтерді.  Өткен оқу жылында 13 мектеп пайдалануға берілсе, биыл 16 мектепті тапсыру жұмысы аяқталып келеді.   Осы жоба арқылы Келес ауданында осымен үшінші мектеп іске қосылуда.  Бұл аудан өзіндік тарихымен, еңбекқор халқымен ерекшеленеді. Сондықтан да мұндағы әрбір игі бастама ел рухын көтеріп, жас ұрпаққа тағылым берері анық»

Айта кетейік, өңірде 554 мыңға жуық бала білім алады. Ал жаңадан салынып жатқан 29 келешек мектебінің былтыр 13-і пайдалануға берілсе, биыл тағы 10-нан астам білім ошағы оқушыларға есігін айқара ашты. Жыл соңына дейін тағы бес нысан құрылысын аяқтау жоспарланған.

Әсел Мәлік