Úı ANONS Діни дүкендер тексеріледі

Діни дүкендер тексеріледі

фото muslim.kz

Шымкентте әлеуметтік желіде радикалды топтарға жазылған 465 жас анықталған. Бұл туралы дін істері басқармасының басшысы Серғазы Әбілхаиров мәлімдеді. Оның айтуынша, жауапты мамандар кәмелетке толмаған жастармен жұмыс жасап, 462-сін аталған аккаунттардан шығарып алған. Ал, қалған жастарға қатысты зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы теріс ағымның жетегінде кеткендерді дұрыс жолға түсіретін теологтар жеткілікті ме? 

Енді діни дүкендер тексеріледі. Осылай деген дін істер басқармасының басшысы қоғамдық кеңес мүшелеріне есеп берді. Оның айтуынша, қалада дәстүрлі емес діни ағым идеологиясын насихаттаушыларға қарсы күрес жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, 10 айда 22 мыңнан астам әлеуметтік желі қолданушыларына хабарлама жолданған. Олардың 7600 -ге жуығы радикалды қауымдастықтан бас тартқан. Ал, қоғамдық кеңес мүшелері қала аумағындағы діни дүкендерге қатысты арнайы бақылаудың бар жоғын сұрады.

СЕРҒАЗЫ ӘБІЛХАИРОВ, ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Діни дүкендерге мониторинг жүргізу басталды. Енді басталды. Қазіргі таңда басқарма қызметкерлері қала аумағында орналасқан дүкендерді бақылауға шығады».

Бұдан бөлек, жиынға қатысушылар, теріс ағымның жетегінде кеткендермен жұмыс жасайтын мамандардың жетіспеушілігіне тоқталды. Олардың айтуынша, тұщымды ақпарат беріп, ел-жұртты аузына қарататын тәжірибелі теологтар жоқ дейді. Ал басқарма басшысы олардың жалақысы аз болғанын алға тартып ақталды.

«Екінші сұрақ, мен білетін теологтар жоқ. Басқа діндегілердің сөздері өтімді. Шешендік жетіспейді ме? Оларды дайындауға не кедергі болып жатыр?».

СЕРҒАЗЫ ӘБІЛХАИРОВ, ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Мықты теологтар бойынша, айтып жатырмын бұл уақытқа дейін теологтар 120 мың теңге алған. Қазіргі таңңда МДБ келісіп, бес-алты күнге оқытамыз деген жоспар бар. Ол жерде шешендікке дайындаймыз деп отырмыз».

Айта кетейік, қалада 18-35 жас аралығындағы жастар тіркелген 91 радикалды топтың 64 аккаунтынан ажыратылды. Ал қалған топтар бойынша тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы қала бойынша дәстүрлі емес дінді уағыздаушылардың саны да көңіл көншітпейді.

СЕРҒАЗЫ ӘБІЛХАИРОВ, ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «ДДА, яғни Сәләфиттер, тіркелгендер биылға 879 болып тұр. Сол бағытта дін мәселесін зерттеу орталығының теологтары жыл бойына кездесу өткізіп, биылға 95 адамы 10 айдың ішінде ҰҚК жауабына сәйкес, дәстүрлі діни ағымға қайта оралғаны туралы ақпарат бар».

Жиын соңында басқарма басшысы теріс ағымдағылардың теологтармен оңайлықпен кездеспейтінін мәлімдеп, оларды сұқбаттасуға қол жеткізуге ықпал жасауды сұрады. Яғни, қоғамдық кеңес мүшелері аудан әкімдіктеріне ұсыныс жасап, құзырлы орган өкілдерімен біріге жұмыс жасауға шақырды.

Нұргүл Жолымбетова