Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты көктемде нәжіс суына тұншығып, қайтыс болған баланың ісі бойынша айыпталушыны бір жарым жылға түрмеге жапты. Және қара жамылған анаға моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге өтемақы беруге міндеттеді. Десе де сотталушы сот үкімімен келіспейтінін мәлімдеді.
Шымкенттегі Тұран ықшам ауданында нәжіс суына тұншығып мерт болған 6 жасар баланың ісі бойынша сот үкім шығарды. Іс бойынша жәбірленуші ретінде марқұмның анасы, айыпталушы ретінде 44 жастағы кәсіпкер «Ас Орта Груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінң директоры танылған. Оған «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы қағидаларды немесе нормативтердің талаптарын бұзу» бабымен айып тағылған.
Нұрсұлтан Мыңбатыров, судья: «Сот үкім етті. Тастанбеков Нұржан Амалбекович Қылмыстық кодекстің 279-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 2 жыл мерзімге құрылысқа байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын».
Сот сотталушыға рақымшылық заңын қолданды. Сөйтіп оның жазасы бір жарым жылға қысқарды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен түзеу мекемесінде өтейтін болды. Үйқамақтағы екі күні жаза мерзімінің бір күніне есептелді және сот залынан қамауға алынды. Сонымен бірге сот соталушыны марқұм баланың анасына моралдық шығын ретінде 10 миллион теңге, оның қорғаушысының еңбекақысы ретінде 1 миллион теңге өтеуге міндеттеді. Сотталушы кінәсін мойындамаған, сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Сот дерегінше, кәсіпкер Тұран ықшам ауданында ағын су өтетін құбыр жүргізу мақсатында траншея қаздырған. Траншея суға толған. Бірақ оны қоршауға алмаған, қауіпсіздік белгілерін орнатпаған. Нәтижесінде абайсызда бала суға түсіп, мерт болған. Жәбірленуші тарап сотталушыға кешірім бермеген.
Шынар Ермекова, жәбірленушінің қорғаушысы: «Біз сот заңды әрі әділ үкім шығарды деп есептейміз. Бұл жағдай құрылыс компанияларының басшыларына сабақ болады деп ойлаймыз. Үкіммен келісеміз. Апелляциялық шағым түсірмейміз».
«Ана су мұздай болған. Сөйтіп шошынған. Ұйықтап кеткен. Тұншығып қалған».
Іс қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық қаралды. Айта кетейік, қайғылы оқиға 12 сәуір күні болған. Ойын баласы нәжіс суына түсіп кетіп, қайтыс болған еді.
Дилара Иса






