Úı ANONS «Портреттерден — Сақ стиліне дейін: Теңгеге 32 жыл»

«Портреттерден — Сақ стиліне дейін: Теңгеге 32 жыл»

Бүгін – Қазақстанның ұлттық валютасы ТЕҢГЕНІҢ АЙНАЛЫМҒА ЕНГІЗІЛГЕНІНЕ 32 ЖЫЛ. 1993 жылдың 15 қарашасында теңге ресми түрде қолданысқа еніп, елдің экономикалық тәуелсіздігінің нышанына айналды. Банкнот шығару ісі қалай дамып келеді және теңге дизайнында қандай өзгерістер бар? 

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, теңге – жоғары сапалы әрі шебер жасалған дизайнға ие банкнот.
Қазақстанда әлемдік сапа мен қорғаныс стандарттарына сай банкнот шығару жолға қойылған. Теңге дизайны көне ұлттық дәстүрлер мен заманауи технологиялардың үйлесімін көрсетеді.
Ұлттық Банк әлемдік тәжірибедегі жаңа қорғаныс элементтерін тұрақты түрде зерттеп, енгізіп отырады. Бұл ұлттық валютаның қорғаныс деңгейін арттырып, жалған ақша айналымын азайтуға мүмкіндік береді.

Бекмұхан Тулепбергенов, Қазақстан Ұлттық банкінің Түркістан филиалы директорының орынбасары: «Жалған ақша жасаудың алдын алу мақсатында банкнот дизайны әрбір 7–8 жыл сайын жаңартылып отырады. Жаңа үлгідегі банкноттармен бірге жетілдірілген қорғаныс дәрежелері мен жаңа технологиялар енгізіледі. Ұлттық Банк әлемдік тәжірибедегі жаңа қорғаныс элементтерін үнемі зерттеп отырады. Бұл ұлттық валютаның қорғаныс сапасын арттырып, жалған ақша айналымын азайтуға сеп болады».

Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге банкноттары 1993 жылдан бері шығарылады.
Бірінші «Портреттер» сериясы 1993 жылы, «Әл-Фараби» сериясы 1995 жылы, ал «Бәйтерек» сериясы 2006 жылы айналымға енді.
2011 жылдан 2022 жылға дейін «Қазақ Елі» сериясы қолданыста болды.

2023 жылы жаңа «САҚ СТИЛІ» сериясы шығарылды.Бұл серия сақ мәдениетіне, табиғатпен және жануарлар дүниесімен байланысқа арналған. «Сақ стилі» сериясының банкноттары 2026 жылға дейін кезең-кезеңімен айналымға енгізіледі. Банкноттар екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» АҚ арқылы таратылады.

Бекмұхан Тулепбергенов, Қазақстан Ұлттық банкінің Түркістан филиалы директорының орынбасары: «Жаңа үлгідегі банкноттар айналымға енгізілгеннен кейін ескі үлгілер біртіндеп айналымнан шығарылады. Бұл процесс халыққа ешқандай қиындық туғызбайды. Ұлттық Банктің филиалдары ескі банкноттарды жаңа банкноттарға мерзімсіз айырбастап отырады. Ұлттық Банк ескі және жаңа банкноттардың қатар айналым кезеңін 1 жыл деп белгілейді. Қажет болған жағдайда бұл мерзім ұзартылады.
Қатар айналым кезеңінде ескі де, жаңа банкноттар да заңды төлем құралы болып қала береді, барлық төлемдер мен аударымдарда қабылданады. Олар Ұлттық Банктің барлық филиалдарында, «Қазпошта» АҚ мен екінші деңгейлі банктерде шектеусіз айырбасталады».

Қатар айналым кезеңі аяқталған соң, банктер мен «Қазпошта» үш жыл бойы ескі купюраларды айырбастауды жалғастырады. Одан кейін бұл жұмысты Ұлттық Банктің филиалдары мерзімсіз түрде атқаратын болады.

Бекмұхан Тулепбергенов, Қазақстан Ұлттық банкінің Түркістан филиалы директорының орынбасары: «Барлық қаржы саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймыз!
Еліміздің экономикалық қуатын арттыру жолындағы еңбектеріңіз үшін алғыс білдіреміз.
Сіздерге амандық, кәсіби табыс және өркендеу тілейміз!»