Түркістан облысында өндіріс пен экономиканы дамыту жұмыстары қарқын алып келеді. Жоспар бойынша, алдағы үш жылда өңір халқы үшін 24 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Мұндай ақпарат әкім Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды.
Түркістан облысында алдағы үш жылда жүзеге асатын 111 инвестжоба аймақтың экономикалық дамуына серпін бермек. Барлық жоба толық іске қосылғанда, өңір тұрғындары үшін 24 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Мұны жауапты сала басшылары мәлім етті.
Қанат Шонбасов, ТО өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының м.у.а: «Биылғы жылы жалпы құны 340 млрд теңге 8273 жұмыс орнын құрумен, 58 инвест жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. 10 айдың қорытындысымен 34 инвест жоба іске қосылды»
Бұл бағытта атқарылған жұмыстар мен туындаған мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті апталық мәжілісте жан-жақты талқыланды. Жиында өңір басшысы инвестициялық жобаларды тиісті деңгейде сүйемелдеп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «2025 жылдың қорытындысымен бекітілген индикаторлардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Әлеуетті инвесторларды тарту мақсатында облыстағы бос жерлердің картасын әзірлеуді аудан әкімдеріне, жер қатынасы бөліміне әзірлеуді тапсырамын. Облыстағы индус аймақтар мен өндірістік парктердің инфрақұрылыммен қамтылуына талдау жүргізіп, нәтижесін баяндау үшін тапсырма беремін»
Айта кету керек, жыл басынан бері 92-ден астам шетелдік компаниямен келіссөздер жүргізіліп, Қытай, Иран және Өзбекстанға сапарлар жасалды. Нәтижесінде арнайы аймақтарда дәрумендер, қағаз, сэндвич-панельдер, еден жабындары, суару жүйелері, балық жемі және өсімдік майы өндірісі қолға алынбақ.
Лаура Бабас






