Úı ANONS Жекеменшік мектептерге арналған қаржы қаралып қойған

Жекеменшік мектептерге арналған қаржы қаралып қойған

Бүгін Шымкент қалалық өңірлік комуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары әрі ресми өкілі Сәрсен Құранбек жекеменшік мектептердің құрылтайшыларын айыптай сөйледі. Оның сөзінше, бұл мектептердің қызметкерлеріне жалақы төлеу қала әкімдігінің міндетіне жатпайды. Кәсіпкермен ресми мекемелер жан басына шаққанда бөлінетін ақшаны төлейді. Ал кәсіпкер өз қызметкерлеріне қандай жағдайда да жалақысын беруге міндетті. Ресми өкіл бұл мәселе туралы не деді? Қандай уәж айтты? 

Шымкенттегі жекеменшік мектеп қызметкерлерінің, мұғалімдерінің жалақысына қала әкімдігі жауапты емес. Мұғалімдер 3 ай жалақы алмаса мектеп құрылтайшысы кәсіпкерлерді сотқа беруге құқылы. Қала әкімінің орынбасары осылай деді. Бұған қоса ресми өкілідің айтуынша, дәл қазір бұл мектептерді қаржыландыру бойынша жаңа пилоттық жоба қолға алынып жатыр. Бұл жобаны әкімдік жүзеге асырғанымен, білім беру ісін қалыптастыратын, қалай жұмыс істеуді белгілейтін, тіпті ұсыныс беретін де оқу-ағарту министрлігі екен.

Сәрсен Құранбектің сөзінше, биыл республикалық бюджеттен шамамен 26,5 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржы жекеменшік мектептерге берілетін ақшаға жетпейді. Себебі қалада 137 жекеменшік мектеп болса, оның 121-і бюджеттен қаржы алады. Ал жетпеген 22,5 миллиардтан астам ақша жергілікті бюджетен бөлінген. Қаржы, жаңа жобаның рәсімделуіне байланысты кешігіп жатыр.

Әкімдік бұдан бөлек 31 желтоқсанға дейінгі жекеменшік мектептерге қажетті қаржы жергілікті бюджеттен қаралып қойғанын, дайын тұрғанын және толық өтелетінін хабарлады. Ал жекеменшік мектептердегі мұғалімдердің әкімдікке келіп жалақысын талап етуі заңсыз дейді ресми өкіл. Оның айтуынша, мұны білсе де кей кәсіпкерлер көпе-көрнеу ұйымдастырып, мұғалімдерді айдап салып отыр.

Қала әкімінің орынбасары жекеменшік мектеп кәсіпкер үшін табыс табудың көзі екенін атап өтті. Табыс таппаса кәсіпкер мектеп ашпайтын еді дейді ол.

Сәрсен Құранбек табыс табатын кәсіпкер тәуекелді де ескеруі және қол астындағы қызметкерлердің жалақысын уақытылы төлеуі керек деп санайды.  Ол егер кәсіпкерлер өз міндеттерін орындамай тағы мұғалімдерді әкімдікке айдап салса, іске құзырлы орындар араласатынын ескертті.

Айта кетейік, сейсенбі күні жекеменшік мектептердің құрылтайшылары, мектеп директорлары мен мұғалімдері қала әкімдігіне қыркүйек айынан бері жалақы ала алмай жатқанын айтып шағымданған. Олар мұны жергілікті әкімдіктің жан басына шаққандағы қаражатты аудармауынан көрген болатын.

Дилара Иса