Úı ANONS Ерекше жан жұмысқа орналасты

Ерекше жан жұмысқа орналасты

Жыл басынан бері Шымкенте 143 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасты. Олардың ішінде үшеуі «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығында жұмыс істейді. Сонымен қатар, аталмыш орталықтан 15 мыңға жуық ерекше жандар ақпараттық қолдау алып, тиісті көмекке қол жеткізген.

Гүлжан Сыздық «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығында нұсқаушы болып жұмыс істейді. Ол бұған дейін паралимпиадаға қатысып, ауыр атлетикадан жүлделі орындардан көрінген. Соңғы чемпионатта иығынан жарақат алып, жарыс жолынан шығып қалған. Ал қазір, өзі секілді ерекше жандарға қол ұшын беріп, өмірге деген құлшынысын оятуға күш салып жүр.

ГҮЛЖАН СЫЗДЫҚ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Біз мүмкіндігі шектеулі емес, шектеусіз жандармыз. Көп адам айтады, сіздердің қолдарыңыздан келгенін, кейбір адамдар істей алмайды деп. Мен өзім, көпшілігіне жатып қалған адамдарға айта жүрем, оңалту орталығына барыңдар деп. Болмаса үйретеміз деп, жатқан адамдарды талайын өзім тұрғызғанмын».

Бұл орталықта мүмкіндігі шектеулі жандарды ақпараттық сүйемелдеуден бөлек, жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі. Сондай-ақ, Еңбек мобильділігі орталығымен бірлесе, мүгедектігі бар азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып тұрады дейді жауаптылар. Нәтижесінде, бүгінгі таңға  143 мүгедектігі бар азамат жұмысқа орналасқан.

ГҮЛИЯ БЕЛГІБАЕВА,  «TEN QOGAM» ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ М.У.А: «Жыл  басынан бері, «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы» 15 мыңға жуық  Орталықта мүгедектігі бар азаматтарға ақпараттық-консультациялық, әлеуметтік, құқықтық, психологиялық қызметтері көрсетілді».

Сонымен қатар, орталықта 3 мүгедектігі бар азамат қоғамдық жұмыс бағдарламасы бойынша қызмет атқарады. Айта кету керек, Шымкент қаласында 42 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тіркелген. Олардың басым бөлігі тең  қоғам әлеуметтік қолдау орталығынан тиісті көмек алып, кейбірі осындағы түрлі үйірмелерге қатысып, уақытын тиімді өткізеді.

Нұргүл Жолымбетова