Шұбарсу ауылында 600 орындық жаңа мектеп өз жұмысын бастады. Бұған дейін бастауыш оқушыларын оқытқан «Парасат» оқу орны толық орта білім беретін мекемеге айналды. Көпжылдық тәжірибе мен жаңа мүмкіндіктер үйлесім тапқан бұл білім ордасында оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай қарастырылған.
Шұбарсу ауылында 600 орындық жаңа білім нысаны ел игілігіне берілді. Бұған дейін тек бастауыш деңгейде қызмет көрсеткен «Парасат» мектебі бүгінде толық орта білім беретін мекемеге айналды. Сегіз жыл бойы ағарту саласында еңбек етіп келе жатқан ұжым өкілдерінің айтуынша, ғимаратта оқушыларға қолайлы орта қалыптастырылған. Соның нәтижесінде бірден 500-ге жуық бала осы мектепке ауысуға ниет білдірді.
ЕРКЕҒАЛИ ШӘМШИЕВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ: «Енді осындай халықтық көбеюіне байланысты 11 сыныпты мектеп болдық. Жоспар бойынша 602 оқушымен бастайын деп отырмыз. Парасат мектебінде 102 оқушы білім алуда. 5 мектептен 490 оқушы келеді деп жоспарланып отыр».
Мектеп құрылысы 2023 жылы басталып, биыл толық аяқталған. Үш қабатты ғимарат 2,6 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда асхана, оқу залы бар кітапхана, спорт және акт залдары, медициналық пункт, шеберханалар мен заманауи жабдықталған сыныптар қарастырылған.
АЙГҮЛ ҚАСЫМБЕКОВА, ТО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫ ОРЫНБАСАРЫ: «Қазіргі таңда қасында тұрған мектептен 200 оқушы келді. 3 ауысымға өту қаупі бар мектептен, алыста оқитын оқушылар оқиды. 600-ден аса оқушы осы мектепте білім алады. 90 орындық бастауыш мектепті бітірген соң оқушылар басқа мектепке ауысып отырған. Орта білім алуына жақсы мүмкіндік туындап отыр».
Мамандардың айтуынша, жаңа мектептің ашылуы Шұбарсу ауылындағы білім сапасын арттырып, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына серпін береді. Ол үшін облыс қазынасынан 2,6 млрд. теңге бөлінген.
АЗАТ ОРАЛБАЕВ, ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: «Шұбарсу ауылында 50 мың халық болса, 12 мың оқушы оқиды. Мектепте барлық жағдай жасалған”.
Жалпы, Ордабасы ауданында биыл 5 жаңа мектеп ашылып, ал облыста бас аяғы 16 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Қазіргі таңда өңір бойынша 938 мемлекеттік және 170 жекеменшік мектеп жұмыс істеп тұр. Жауаптылар мәліметінше, бұл екі ауысымды мектептерді жоюға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі.
Әсел Мәлік






