Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 4 мыңнан аса адам жұмысқа орналасқан. Қырыққа жуық кәсіпорын ашылған. Бес жүзден аса жылыжай салынған, мал басы 74 мыңға көбейген. Бағдарлама аясында тағы қандай жұмыстар жүзеге асты?
«Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру үшін соңғы 2 жылда Түркістан облысында 30 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген. Бұл ауыл экономикасын дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға сеп болады. Бүгін облыс әкімдігінде өткен мәжілісте дәл осы бағдарлама талқыға түсті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жобаны орындауда нақты нәтиже мен сапаға мән беру керек деп санайды.
Әкімнің сөзінше, бүгінге дейін 2026 жылға бағдарламаны іске асыратын ауылдық округтер мен кооперативтердің тізімі бекітілмеген. Ол тиісті мекемелерге мұны шұғыл түрде қолға алып, 1 наурызға дейін аяқтауды тапсырды. Мамандар 2026 жылға бөлінген қаржы қашан, не үшін берілетінін нақтылады.
Ресми мәлімет бойынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6 бағыт бойынша 4 мыңға жуық жобаға несие берілген. Нәтижесінде 25 гектар жерге 5 жүзден аса жылыжай салынған. Мал басы 74 мыңға артқан. Бұдан бөлек 40-қа жуық қайта өңдеу кәсіпорны ашылып, 4 мыңнан аса жаңа жұмыс орны пайда болған. Жалпы 2026-2028 жылдары облыста аталған бағдарламаға 70 миллиард теңге салу жоспарланған.
Дилара Иса






