Тәуелсіз World Population Review талдамалық платформасы Қазақстанды құлдық индексі бойынша 61-орынға орналастырды. Зерттеуге 157 ел қатысқан. Қазақстанның көрсеткіші – 43 балл. Бұл ТМД елдерінің көпшілігімен салыстырғанда жоғары нәтиже. Ресми деректерге сәйкес, өткен жылы адам саудасына байланысты қылмыстардың құрбаны болғандар саны 159 адамды құраған. Олардың басым бөлігі – Қазақстан азаматтары, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар.
Қазақстанда жыл сайын адам саудасына байланысты 150-ден астам қылмыстық іс тіркеледі. Олардың көпшілігі ер адамдарды ақысыз еңбекке жегу деректерімен байланысты. Сонымен қатар, балаларды қайта сату, әйелдерді жыныстық қанау фактілері де азаймай отыр.
Елдің оңтүстігінде, әсіресе, шетел азаматтарын мәжбүрлі еңбекке тарту жағдайлары жиі тіркеледі. Құжаттары тартып алынып, тегін жұмыс істеуге мәжбүрленеді. Алайда мұндай істердің барлығы бірдей сотқа дейін жете бермейді.
ВЕРА ЗАКУТНЯЯ, «САНА СЕЗІМ» ӘЙЕЛДЕР БАСТАМАЛЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: «Адамдар мұндай жағдайлардан қашып шыққан кезде әрдайым полицияға жүгінбейді. Көбіне бізге құжаттарын қалпына келтіруге, туыстарымен байланыс орнатуға, отанына қайтуға көмектесуімізді сұрап келеді. Полицияға да, басқа мемлекеттік органдарға да жүгінбей, жасырын қалып қоятын жағдайлар өте көп».
Мәселен, бір қыз шамамен 20 жылдан кейін ғана ата-анасын тапқан. Оны 9 жасында әпкесі Өзбекстаннан Қазақстанға әкеліп, бөгде бір отбасыға жұмысқа қалдырған. Іс жүзінде сатып жіберген.
15 жасында қыз қашып шығып, кездейсоқ жұмыстармен күн көрген. Кейін оны қоғамдық ұйымға құқық қорғау органдары алып келген. Тексеру барысында оның Қазақстанда да, Өзбекстанда да ресми тіркеуде тұрмағаны анықталған.
РАУШАН ҚҰДАЙШҮКІРОВА, «САНА СЕЗІМ» ӘЙЕЛДЕР БАСТАМАЛЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖОБАЛАР ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: «Қазір ДНҚ-тест нәтижелеріне сүйене отырып, құжаттарды Бас консулдыққа жолдадық. Сол құжаттардың негізінде қызды Өзбекстанға жіберу мәселесі шешіледі. Ол жақта әрі қарай құжаттандыру туралы шешім қабылданады. Ата-анасы табылды, олар қазір осында, қызын алып кету үшін келген».
Заңгерлердің айтуынша, адам саудасына қатысты істер – ең күрделі санаттардың бірі. Дәлелдемелерді жинау, қылмыстық тізбектің барлық буынын анықтау, адамның өз еркімен әрекет еткенін немесе мәжбүрлеу болғанын, сондай-ақ ақша берілген-берілмегенін дәлелдеу оңай емес.
ЕВГЕНИЙ ЯВОРСКИЙ, ҚОРҒАУШЫ: «Мұндай істер бойынша сот тәжірибесінде ненің дәлел ретінде қабылданатыны нақты айқындалуы тиіс. Менің ойымша, Жоғарғы сот бұл мәселелерге қатысты түсіндірме беруі қажет. Әзірге ондай нақты нұсқаулықты көріп отырған жоқпын. Сондықтан мәселе бар, бірақ оның жүйелі түрде қалай шешіліп жатқанын байқамаймыз».
Дегенмен, жағдай біртіндеп өзгеріп келеді. Мұндай қылмыстардың ашылу көрсеткіші өсіп, жәбірленушілер полицияға жиірек жүгінетін болған. Қоғамдық ұйым өкілдері заңнамадағы өзгерістерге байланысты құқық қорғау органдарының да белсендірек әрекет ете бастағанын атап өтеді.
Нұргүл Жолымбетова






