Úı ANONS Асық ойыны арқылы баланың тілін дамытуға болады

Асық ойыны арқылы баланың тілін дамытуға болады

фото kz.otyrar.kz

 

 

Қазақтың қарапайым ғана асығы – ғасырлар бойы ұлт баласының қолынан түспеген, тәрбиенің, ептіліктің, зерденің құралы болған қастерлі ойыншық. Бүгінде сол асыққа заманауи мазмұн беріп, оны баланың дамуына бағыттаған жандардың бірі Шымкент қаласының тұрғыны — Жанна Шымырқызы. Бұл кәсіп бір күнде, табыс табу мақсатында басталған жоба емес. Оның бастауында – аналық жүрек, баласына деген алаң мен үміт жатыр.

Жаннаның 2022 жылы дүниеге келген ұлында сөйлеу дамуының кешеуілдеуі байқалады. Көп ата-ана сияқты ол да алғашында баласының назарын аудару үшін түрлі ойыншықтар алып береді. Алайда жарқыраған, дыбысты, пластик ойыншықтардың ешқайсысы баланың қызығушылығын оята алмайды.

«Телефоннан алшақтатқым келді. Бірақ ойыншықтың көптігі де көмектеспеді. Түрлі-түсті нешетүрлі ойыншықтар да назарын аударта алмады. Бала болғаннан кейін көліктерге қызығатын шығар деген оймен оны да алып бердім. Бірақ үмітім ақталмады», – дейді ол.

Осы кезде ғаламтордан қарапайым картон қораптан жасалған дамытушы ойынға көзі түседі. Сол ойынды көре отырып, «егер ұсақ доптардың орнына асық қолдансам қалай болар екен?» деген ой келеді. Осылайша қазақтың ұлттық ойынына жаңа көзқарас қалыптасады.

Ізденіс жолында Жанна Шымырқызы асықты терең зерттей бастайды. Нарықта Қытайдан келген асықтар бар екенін біледі. Алайда олар жасанды, табиғи пішіні сақталмаған, ұлттық болмыстан алшақ болып шығады.

«Ол асықтар маған ұнамады. Қолға ұстағаннан-ақ жасанды екені көрініп тұрады», – дейді ол.

Содан кейін ол табиғи асықты алып, оның пішінін сақтай отырып, арнайы қалып жасап, асықты өзі құя бастайды. Бірнеше рет қайта құйып, қателесіп, тәжірибе жинай жүріп, асықтың табиғи формасын тапқанша тоқтамайды. Корей ғалымдары ойлап тапқан дамытушы ойын үлгісін қазақы нақышқа бейімдеп, ұлттық стильмен үйлестіре отырып, өз нұсқасын жасайды.

Алғашында Жанна баласына бес негізгі түсті, яғни, бала ерте жастан білуі тиіс түстерді – асық арқылы үйретеді. Баласына асықтарды түсіне қарай жинауды, ажыратуды көрсетеді. Уақыт өте келе бала түстерге қызығып, қолымен ұстап, сырғытып, ойнай бастайды. Бұл ойын баланың зейінін тұрақтандыруға, қол моторикасын дамытуға, түстерді ажыратуға, ойлау қабілетін жетілдіруге көмектеседі.

Асықтар арнайы шаңырақ пішіндес тақтайшадағы ұяшықтарға салынады. Мәселен, жасыл асық жасыл ұяшыққа, ал қызыл асық қызыл ұяшыққа жиналуы керек. Бұл тапсырма балаға уақытпен беріледі, яғни, ойын арқылы тәртіп пен шоғырлану қалыптасады.

Сонымен қатар, асықтардың тесіп, ішінен бау өткізетін нұсқасы да бар. Бұл – ұсақ моториканы дамытуға арналған өте тиімді әдіс.

«Осы ойындардың арқасында баламның зейіні тұрақтала бастады. Бұдан басқа да көрсетер көмегі көп. Баланы терең ойлауға, ептілікке, шапшаңдыққа үйретеді», – дейді Жанна.

Алғашында тек өз баласы үшін жасалған асықтар Жаннаның Instagram парақшасында жарияланады. Сол сәттен бастап адамдардың қызығушылығы арта бастайды. «Бұл не? Қалай жасадыңыз? Сатып алуға бола ма?» деген сұрақтар көбейеді. Уақыт өте келе тапсырыстар балабақшалардан, әсіресе балаларды дамытатын орталықтардан түсе бастайды. Жанна бүгінге дейін 100-ге жуық киіз үй пішіндес асық ойындарын жасап сатқан. Соның 60 пайызы дамытушы орталықтардың еншісінде. Сонымен қатар, баласын үйде өзі дамытқысы келетін аналар да бұл өнімге ерекше қызығушылық танытады.

Кейінірек Жаннаға «кәсіби асық құясыз ба?» деген ұсыныстар түседі. Осы кезде ол кәсіби асықтың өз ерекшелігі бар екенін біледі. Яғни, оның белгілі бір салмағы, нөмірлері болады және ол асық ату ойынына арналған. Бұл бағытта да ол терең зерттеп, талаптарын меңгеріп, кәсіби асықтарды да құюды бастайды. Мұндай асықтар пластиктен жасалады. Ал, балаларға арналған дамытушы асықтар эпоксидті смоладан құйылады. Жанна смоланың зиянсыз түрін ғана таңдайды. Гипстен де жасауға болатынын айтады. Бірақ гипс ауыр әрі бала тістеген жағдайда үгітіліп кетуі мүмкін. Ал смоладан жасалған асықтар жеңіл, жуылады, әрі қауіпсіз.

Асық құю үшін күннің жылы болғаны маңызды. Себебі смоланың толық кебуі, иісінің кетуі уақытты талап етеді. Бұл – шыдамдылық пен тазалықты қажет ететін жұмыс. Жанна үшін бұл жай ғана кәсіп емес, баласының дамуы мен болашағына салынған инвестиция. Кейде тапсырыс берушілер шаңырақ пішіндес тақтайша мен  асықтарды алып кетіп жатқанда, баласы:

«Бұл менікі, маған жасалған», – дегендей бергісі келмей қалатын сәттер де болған. Бүгінде баласы балабақшаға барады. Ана жүрегін мазалаған алғашқы алаң сейіліп, оның орнына үміт пен сенім орнаған.

Жанна Шымырқызы осылайша асықты тек ойын ретінде емес, баланың дамуына қызмет ететін құралға айналдырды.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат» газеті, №5