Бүгін Шымкенттегі Көрме орталығында педагогтердің бос жұмыс орны жәрмеңкесі басталды. Онда қала мектептеріндегі 1600-ден аса жұмыс ұсынылды. Жәрмеңкеге келген кей мамандар бірден жұмысқа қабылданды. Кейбірі конкурсқа құжат өткізді.
Шымкент қаласының тұрғыны Нұрсұлтан Тұрмахан 6 айдан бері өз мамандығы бойынша жұмыс іздеген. 3 рет конкурсқа қатысып, өте алмай сағы сынған. Кеше Көрме орталығында педагогтерге арналған бос ұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді дегенді естігенде үміті қайта оянған.
НҰРСҰЛТАН ТҰРМАХАН, ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: «Тамыз айынан бастап әлі күнге жұмыс іздеп жүрмін. Бірнеше мектептерге барып көрдім. Конкурс нәтижесінде ғана олар аламыз деді».
Нұрсұлтан Абай атындағы ұлттық педагогикалық институтының түлегі. Мемлекеттік грантпен білім алған. JP балы белгіленген шектен жоғары. Сондықтан ол конкурссыз жұмысқа қабылданатын болған.
НҰРСҰЛТАН ТҰРМАХАН, ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: «JP балым жоғары болуына байланысты… уәде етті».
Жәрмеңкеге жұмыс іздеп келушілер – әртүрлі. Бірі – жоғарғы оқу орнын бітіргелі, мұғалім болып жұмыс істемеген. Бірі — бала күтімімен үйде отырған. Енді бірі конкурстан сүрінген.
ҒАЛИЯ ТІЛЕНШІ, ХИМИЯ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: «2017 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын бітірдім. 3 жыл жұмыс істедім. Ауылдық жерде. 6 жыл декретте отырдым. Декреттен кейін жұмыс іздеп келіп отырмын. Қазан айынан бастап жұмыс іздеп жүрмін. №89 мектепті көріп отырмын». 0
АҚНҰР НӘЛЖІГІТ, ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: «2 жылдай жекеменшік мектепте жұмыс жасадым. Қазір декретте болғандықтан жұмыс іздеп жәрмеңкеге келдім. Мектепті алмастырғым келеді. Мемлекеттік мектепке».
Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Дәрібаева мұғалімдерді жұмысқа қабылдау әділ, адал әрі таза өтеді деп сендіреді. Мұны арнайы іріктеліп алынған 200-ге жуық мұғалім қадағалайды. Жалпы 164 мемлекеттік мекеме жұмысқа қабылдайды.
Гүлнар Дәрібаева қала тұрғындары, тіпті мұғалімдердің өзі конкурстың таза өтуіне күмән келтіріп жатқандарға жауап берді. «Мақсатымыз сол стеротипті өзгерткіміз келеді» дейді ол.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, бұл жұмыс орындары білім саласын цифрландыру кезінде анықталған. Педагогтың жүктемесі аптасына 16 сағат деп бекітілген. Ары кетсе бір адамға бір жарымдық жүктемеден артық беруге заңмен тыйым салынған. Дегенмен, мектептерде осы 24 сағаттан артық жүктеме алған мұғалімдер болған.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Сағат көп болған сайын сапаның да азаятыны белгілі. Біз сол мектептердегі мұғалімдердің жүктемесін ҚР Еңбек кодексіне сәйкестендірдік. 24 сағаттан артық 1 мұғалімге жүктеме берілмейтіндей белгіледік».
Ресми мәліметке қарағанда, бұған дейін қала мектептерінде 4 адам атқаратын жұмыс бір адамға берілген. Мысалы, 50 сағатпен жұмыс істеген мұғалім анықталған. Бұл дегеніміз аптасына 625 балаға сабақ берген. Мамандар, тіпті мұғалім бұған үлгергеннің өзінде білім сапасына кері әсер етеді дейді. 24 сағаттық жүктемеге келіспеген мұғалімдер прокуратураға да шағымданып көрген.
Дилара Иса






