Түркістан облысының әкімдігі әлемге танымал спорттық киімдер өндіретін қытайлық «Kelme» компаниясымен келіссөз жүргізуді бастады. Ресми мәлімет бойынша, облыс әкімі Нұралхан Көшеров компанияның өкілдерімен жүздесіп, өндіріс орнын ашу жайын талқылаған.
Әкімдік дерегінше, компания өкілі аймақтың инвестициялық әлеуетіне қызығушылық танытқан. Өңірде мақта шаруашылығының дамығанына мән берген. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Түркістан қаласында спорттық киім тігетін зауыт ашуға ниетті екенін білдірген.
Тараптар алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты нығайту бағытында келіссөзді жалғастыруға уағдаласқан.
Дилара Иса






