Премьер-Министр Олжас Бектенов Түркістан облысында салынып жатқан ірі энергетикалық нысанның құрылысымен танысты. Сайрам ауданында жүзеге асырылып жатқан жоба, елдегі ең ірі энергетикалық нысандардың бірі болмақ. Қуаты 1000 мегаватты құрайды. Ал, нысанның өзін 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.
Түркістан облысы Сайрам ауданында жүзеге асып жатқан жоба – елдегі ең ірі энергетикалық нысандардың бірі. Құрылыс алаңында Үкімет басшысымен бірге өңір әкімі Нұралхан Көшеровте барып, жұмыс барысымен танысып қайтты. Жоба аясында 4 газ турбинасы, 4 кәдеге жарату қазандығы және 2 бу турбинасы орнатылады. Бу-газ технологиясы пайдаланылған жылуды қайта өңдеп, қосымша энергия өндіруге мүмкіндік береді. Бұл, тиімді әрі экологиялық таза шешім дейді мамандар.
Жаңа энергетикалық қуат көздерін іске қосу экономиканың тұрақты дамуы үшін өте маңызды дейді жауаптылар. Бұл жоба өңірде қосымша энергия резервін қалыптастырып, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтеді. Басқарма төрағасы Ұлан Бүркітовтің сөзіне сенсек,нысанды 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған. Қазіргі таңда негізгі ғимараттардың іргетасы дайындалып, Siemens Energy компаниясының генераторларымен жабдықталған төрт газ турбинасы орнатылған.
Қазіргі таңда өңірдегі электр энергиясын тұтыну шамамен 445 МВт болса, ішкі өндіріс небәрі 136,5 МВт-ты құрайды. Жаңа станса іске қосылғаннан кейін бұл тапшылық толық жабылып, ең жоғары жүктеме кезеңдерінде жүйенің тұрақтылығы қамтамасыз етіледі.
Айта кетейік, Премьер-министр Энергетика министрлігіне және Samruk-Kazyna Construction компаниясына жобаны белгіленген мерзімде аяқтап, экологиялық талаптарды сақтай отырып, электр желілерімен үйлестіру жұмыстарын толық қамтамасыз етуді тапсырды.
Нұргүл Жолымбетова






