Бүгін арнамыздың баспасөз конференциясында педофилияның себептері мен жауаптылық шарасы жөнінде заңгерлер, ұстаздар мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері талқылады. Жиын барысында талқыға салынған мәселелер үкімет пен парламент талқысына жөнелтілетін болды.
Өзінің перзенті түгілі бүкіл елдің баласын болашағым деп білген қазақ елінде де жастарды зорлау, бүлдіршінді жыныстық қатынасқа итермелеген жәйттер көбейіп барады. Өзге өңірлерге қарағанда имандылығы басым делінетін оңтүстікте өткен жылы бірде-бір педофилия оқиғасы тіркелмеген, ал биылғы жылдың 9 айында 8 жәйт тіркеліп үлгеріпті.
Өйтпегенде ше, қазір теледидардағы сұмдықты былай қойғанда, қолжетімді ғаламторды қарай қалсаңыз, педофилияның қыр-сырына қанықтыратын сайттарға тұнып тұр. Оңтүстікте зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларды оңалту орталықтары да жұмыс жасайды. Дегенмен, мұндай сұмдықты көрген баланың психикасы қайтадан қалпына келеді деп айту қиын-дейді психиатр мамандар.
Өрімдей жасты зорлаған азғындарға қатысты Еуропаның бірқатар елдері химиялық піштіру әдісін қолданады. Біздің елде де осы әдіспен педофилдерді тынышталдыру мәселесі талқыға түсуде. Дегенмен, мамандар мұндай әдістен өткен еркек түрмеден шыққан соң, мүлдем азғындап, одан да бетер айуандыққа барады дейді. Сондықтан заңда азғындарға қатысты аяушылық болмауы қажет деген ұсыныс тастады.
Тәрбие басы тал бесік қағидасын ата-ана мен мұғалімдер қатар ұстанса, мұндай азғындар да азаяр еді дейді жиналғандар. Бүгінгі талқы бойынша педофилдерге аяушылық болмасын деген жиналғандар бұл ұсынысты Ел Үкіметі мен парламенттің талқылауына жібермек.