Бүгін Тараз қаласының орталығында 4 жерде жарылыс болды деп хабарлайды ҚАЗТАГ құқыққорғаушы орындардың сілтемесімен. Аталмыш қаладағы азаматтардың сөзінше дүмпулер 5 және 6 жерден орын алыпты. Дәл қазір ондағы тәртіп сақшылары көршілес қаладан ешкімді шығармай және кіргізбей қатаң бақылауға алып жатыр екен.
Куәгерлердің сөзінше, «атыс оқиғасы жүріп бара жатқан көліктердің арасында болған».
ІІМ-нің ресми мәліметі бойынша сенбі күні сағат шамамен 9,30-да Тараздағы аңшылық дүкеніне ұрлық түскен. Оқыс жағдайдың нәтижесі ондағы дүкен қызметкерінің өліміне, екіншісінің жаралануына себеп болыпты. «Новости-Казахстана» агенттігінің мәліметінше, тонау болған уақыттан соң арада бірнеше минут өткенде дүкен маңына жақын орналасқан облыстық әкімдік ғимараты тарапынан оқ атылғаны мен жарылыстың даусы естілген.
Ал куәгерлер болса тәртіп сақшыларының жарылыстан мерт болған азаматты қара қапқа салып, жедел жәрдем көлігімен алып кеткенін айтады. Олар сонымен бірге мұндай жарылыстардың қаладағы үлкен сауда орталығы мен қауіпсіздік комитеті ғимаратының алдында да болғанын айтуда. Алайда, әзірге мұның барлығы ресми емес мәлімет екенін еске саламыз.
Дәл қазіргі сағатта жарылыстан 3 адамның қаза болғаны белгілі болды. Олардың ішіндегі екі полицей аңшылық дүкенін тонаушыларды қуып бара жатқанда ауыр жарақаттанып қаза болған. Алдын ала болжам бойынша қылмыскерлерді құрықтау барысында бұзақы топтың бір мүшесі өзін-өзі жарып жіберген. Нәтижесінде, жол полициясының қызметкері қайтыс болыпты.