Зейнет жасындағы мұғалім қайда барады?

359
ҚР Білім және ғылым министрі

Уақыттың тезіне төтеп беру үшін ел экономикасы инновациялық даму жолына көшті. Бұл өз кезегінде ұлттық білім беру жүйесіне жаңа талаптар қояды. Осыған байланысты Қазақстанда білім беру жүйесін дамытуда атқарылып жатқан шаралар туралы айтып беруін өтініп, өңірімізге жасаған сапары барысында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловпен сұхбаттасқан едік.

Бақытжан аға, өзіміз көріп, біліп жүргендей соңғы жылдары білім саласы қарқын алып дами бастады. Дәл осы үстіміздегі жылы білім берудің жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламада ауқымды міндеттер жүктелді. Осыған толығырақ тоқталып өтсеңіз?
– Ия, ел ертеңгі ұрпағын тәрбиелеуде аянып қалып жатқан жоқ. Халқымыз «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»-деп бекер айтпаған. Мен осы жерде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесіндегі негізгі екі мәселеге тоқталып өтейін. 90-жылдары көптеген мектепке дейінгі мекемелер жабылып қалды. Сондықтан бірінші мәселе – балабақшалардың жаңа құрылысы және бұрын салынған балабақшаларды қайтару болды. Осы мақсатта Елбасының тапсырмасы бойынша «Балапан» бағдарламасы іске асырылды. Осы бағдарлама шеңберінде бір жыл ішінде мектепке дейінгі ұйымдардың саны 41%-ға өсті.
Қазіргі таңда мектеп жасына дейінгі балаларды қамту көрсеткіші 55%-ға, аймақтарда 90%-ға жетті. Ал 2020 жылы республика бойынша 100% қамту жоспарлануда.
Екінші мәселе – осы салада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі енгізілді. Бұл – жекеменшік балабақшалардың ашылуына және жекеменшік инвестициялардың көбеюіне ықпал етеді. Бұл істе мектепке дейінгі салаға мемлекеттік жанбасылық қаржыландыру енгізілді. Осы механизм мемлекеттік және жекеменшік фирмаларға да таратылады. Жекеменшік мектепке дейінгі секторды дамыту өте тиімді болып отыр. Қысқа мерзім ішінде олардың саны 2,5 есеге өсті. Жалпы білім берудің барлық саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің келешегі зор.
– Орта білім беру жүйесінде 12 жылдыққа көшу арқылы қандай жетістіктерге жетеміз?
– Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, дамыған елдерде (Ұлыбритания, Жапония, Финляндия, Франция, Норвегия, Корея) білім сапасына бақылау жүргізу орталық атқарушы органға берілген. Сондықтан облыстарда «сапаны бақылау вертикалі» құрылуда. Бұл білім сапасын жақсартатыны сөзсіз. Бұл ұсыныс Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сапасына қойылатын талаптар күшейтілді. Енді қатаң сынақтан өткізіліп, мониторинг жасалады. 12 жылдық оқытуға көшуді реттейтін өзгерістер енгізілді. «Бейіндік мектептің» құқықтық мәртебесі анықталды.
12 жылдыққа көшу арқылы әлемдік деңгейде білім алып, өзге жұртпен иық тірестіреміз. Біріншіден, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің желісі пайда болды. Оларда әлемдік практикаға сәйкес білім берудің жаңа тетіктері әзірленуде.Екіншіден, осы жылдан бастап барлық деңгейде білім сапасына мемлекеттік бақылау вертикалі енгізіледі. Орта және кәсіптік-техникалық білім беру қызметі жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде қалады.2015 жылдан бастап, 12 жылдық оқытуға толықтай көшеміз. Балалар 6 жасынан бастап, мектепке барады. Оларға арналып, жаңа мектептер мен сол білім ордаларында ойын кабинеттері ашылады. Дәл осы жерді еліміздің демографиялық өсімінің жоғары келе жатқандығын атап өткім келеді. Бұл өсімге оңтүстікқазақстандықтардың қосып отырған үлесі зор. Алдағы төрт жылда 500 мыңдай балдырған мектепке барса, биылғы мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың – 57 мыңы сіздердің балаларыңыз. Оңтүстікте мектеп саны басқа өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда көп. Еліміз бойынша 7775 мектеп болса, соның 1245-і Оңтүстік Қазақстанның еншісінде.
– Педагог мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлінуде. Жалақының өсуімен қатар, мұғалімдерді қайта даярлау мен біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі жасалып жатыр екен. Бұдан ұтатынымыз не?
– Бірінші кезекте педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру мәселесі тұр. Ол үшін ваучерлік – модульдік жүйе енгізілуде.Енді ұстаздар біліктілігін арттыру үшін қалаған оқу орнын, тіпті шетелдік орталықтарды таңдай алады.Педагог мәртебесін көтеру үшін, лицензияланбайтын жеке педагогикалық қызмет туралы жаңа бап қосылды. Ол мұғалімнің әлеуметтік жағынан қорғалуын күшейтеді.
Таяудағы 5 жылда жаңа жүйе бойынша мұғалімдердің жартысына жуығы қайта даярлаудан өтетін болады. Жоғары оқу орындарында болашақ педагогтерді даярлауға талаптар қазірдің өзінде күшейтілді. Осы шаралардың барлығы ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін арттыруға негіз болмақ.
Техникалық және кәсіптік білімде осы жылдан бастап корпоративтік басқару жүйесі енгізіледі. Оған жұмыс берушілер міндетті түрде қатысады.
Республикалық деңгейде Ұлттық кеңес, салалық және өңірлік деңгейде салалық және аймақтық кеңестер құрылды. Бұл кеңестердің міндеті – мемлекеттің, қоғамның және жұмыс берушілердің күштерін біріктіру. Мамандарды даярлау процесіне жұмыс берушілерді тарту үшін «Кәсіпқор» Холдингі құрылды. Оның құрамында төрт аймақаралық орталық және әлемдік деңгейде салынып жатқан төрт колледж бар. Осылардың базасында бизнестің қатысуымен басқарудың корпоративтік нысаны, бітірушілерді сырттай сертификаттау сынақтан өткізіледі. Кейін техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне таратылады. Сонымен қатар маңызды жаңалықтардың бірі – кәсіптік стандарттарды енгізу.
Олар мемлекеттік білім беру стандартын жетілдірудің базасына айналады. Осылайша біз орта буын мамандар даярлау сапасын барынша көтереміз. Бұл Қазақстанды индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасын іске асыру үшін қажет. Жоғары білім беруде Қазақстан «бакалавр – магистр – PhD доктор» жүйесі бойынша үш деңгейде мамандар даярлауға толық көшті.Қазақстандықтарды шетелде оқытудың «Болашақ» Президенттік бағдарламасы жұмыс істейді. Назарбаев университеті жоғары білім берудегі өсу нүктесіне айналды. Ол әлемдегі ең үздік университеттермен өзара қарым-қатынас жасайды. Оған танымал шетелдік ғалымдар мен профессорлар шақырылған. Онда қазіргі заманғы оқыту, зерттеу әдістері және оларды экономикаға трансферттеу жолдары сынақтан өтуде. Бұл тәжірибе еліміздегі басқа оқу орындарына да жеткізіледі. «Зерттеу университеті» деген санат заңнамалық тұрғыда енгізілді. Инновациялық қызметке бағытталған жоғары оқу орындарына қолдау көрсетіледі. Осы жылдан бастап алғаш рет студенттердің іштей және сырттай академиялық мобильдігін мемлекеттік қолдау механизмі енгізілді. Бұған қомақты қаражат бөлінген.
– Мемлекеттік аралық бақылауды алып тастау жөніндегі ұсынысыңызды толық түсіндірсеңіз?
– Білім беру ордалары аралық бақылау қойылған міндеттерді орындап шықты. Енді оқушылардың білім сапасын сырттай бағалау жүйесі енгізіледі. Сырттай бағалау компьютерлік тестілеу әдісімен өткізіледі. Ол оқушылардың білім беру бағдарламаларын меңгеру деңгейін анықтайды. Нәтижесінде білім беру қызметінің сапасын бағалауға мүмкіндік туады.Сырттай бағалау мектепте және жоғары оқу орындарында жүзеге асырылады. Ол мемлекеттік білім беру стандартында қарастырылған пәндер бойынша жүргізіледі.
– Ал жоғары оқу орындарын жаңаша жіктеу дегенді қалай түсінеміз?
– Елбасының еліміздегі жоғары оқу орындарының саны туралы сын айтқаны белгілі. «Университет» деген жоғары атақты иеленген кейбір жоғары оқу орындары әлемдік талаптарға сәйкес келмейді. Сондықтан, жоғары оқу орындары жаңаша жіктелетін болады. Олар білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеу нәтижелеріне байланысты 6 санатқа бөлінеді. Енді ұлттық зерттеу университеттері, ұлттық жоғары оқу орындары, зерттеу университеттері, университеттер, академиялар және институттар болады. Бұл – жоғары мектептің ғылыми зерттеулері мен білім беру қызметінің деңгейін көтереді. Заң жобасында мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған медициналық және педагогикалық мамандықтардың түлектеріне ерекше көңіл бөлінген. Жобада оларды міндетті түрде жұмысқа орналастыру қарастырылған.Бұл шара – әлеуметтік сала үшін өте маңызды. Заң жобасында жоғары оқу орындарының «қауымдастырылған профессор (доцент), профессор» атақтарын беру құзыреті алынып тасталды. Бұдан былай осы ғылыми атақтар «Ғылым туралы» жаңа заңға сәйкес беріледі. Жоғары оқу орнындағы білім алушылар мен профессорлық-оқытушылық құрамның академиялық мобильдігі заң жүзінде қамтамасыз етіледі. Оқу орындарын аккредиттеу жүйесі өзгертіледі. Ол бәсекеге қабілетті ортаға беріліп, халықаралық үлгіде жүргізіледі. Бакалавриат мамандықтары «Болашақ» бағдарламасынан алынып тасталды. Осыған байланысты заң жобасы мамандардың шетелде стажировкадан өту мәселесін реттейді. Білім беру ұйымдарының ерекше мәртебесі енгізілді. Ол оқуға қабылдауда, ғылыми және әдістемелік қызметте жеке нормаларды пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл – әлемдегі үздік университеттерге тән академиялық еркіндікке қол жеткізу үшін жасалған үлкен қадам.
– Техникалық және кәсіптік білім беру саласы бұл өзгерістерден құр қалмай ма?
– Жоқ, қайта оларға көп көңіл бөлініп отыр. Бүгінгі таңда кәсіптік және техникалық мамандар жоғары деңгейде дайындалуда. Әлеуметтік әріптестік және кооперативтік оқыту нормалары енгізіледі. Олар – мемлекет, кәсіпорын және оқу орындарының корпоративтік жауапкершілігіне негізделеді. Бұл Елбасының тапсырмасына сәйкес техникалық және кәсіптік білімнің түбегейлі жаңа моделін жасау үшін өте маңызды.Техникалық және кәсіптік оқу бағдарламалары міндетті кәсіптік практикамен толықты.Бұл – түлектердің кәсіби деңгейін арттыруға жағдай жасайды.Жобадағы өзгерістер Үкіметтің, өкілетті және жергілікті органдардың арасындағы өкілеттікті нақтылады.Әлеуметтік көмек алатын азаматтар санаттарының нақты тізбесі жасалды.Мемлекеттік стипендия алуға құқығы бар білім алушылардың санаттары анықталды.Әрине, заң жобасында көрсетілген жаңалықтар кешені мұнымен шектелмейді. Мен тек ерекше сипаттағы өзгерістерге ғана тоқталып өттім.
– Тағы бір сұрақ. Зейнетке шыққан мұғалімдерге мектепте одан әрі қызмет етуге бола ма?
– Бұл сұрақ кез-келген зейнет жасындағы ұстаздың көкейінде жүрген өзекті мәселе десек те болады. Өмірінің басым бөлігін бала тәрбиесіне арнаған ұстаздар кейде мектеппен ерте қоштасқысы келмей жатады. Несі бар, жаңа техника мен жаңа бағдарламалдарды үйреніп, игеріп жатса шамасы келген білім саласында жүре берсін. Десек те оларға оңай емес.
– Оңтүстік ұстаздарына қандай баға бересіз?
– Оңтүстіктің орны ерекше. Қаймағы ұйыған өңірден небір талант иелері мен ғалымдар шыққан. Мойындау керек, билік басында атқа қонғандардың басым бөлгі осы оңтүстікқазақстандықтар. Сондай азаматтарды тәрбиелеп отырған өңір ұстаздарына барынша жоғары бағамды берем. Алдағы уақытта да осы білім саласында атқарылып жатқан істердің арбасын алға сүйреп, жаңа реформаларды қолдайтындықтарына сенем.
– Тың жаңалықтарға толы сұқбатыңызға рахмет, ел болашағын дайындауда шаршамаңыз.