Қыс аязы қысқалы бері облыстық ауруханаға үсік шалған сегіз адам түсіпті. Барлығы да үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбастар. Барар жері жоқ азаматтар көшеде түнеймін деп үсіп қалған. Қазір дәрігерлер басым көпшілігінің аяғын кесіп тастаған.
Сондағы науқастың бірі Марат РАМАЗАНОВ алғашқы қардың қатты әбіржіткенін айтады. Аяқ киімі жұқа кісіге суық оңай өткен. Оның жансызданған жарамсыз башпайларын дәрігерлер кесіп тастады.
Облыстық ауруханада үсік шалғандармен бірге, күйіп қалғандар да жатыр. Мұндағылардың барлығы 3-4 дәрежедегі үсігендер. 20 төсек орынға арналған бөлімге науқастар симауда. Мұнда да электр жарығы жиі өшіп жатыр. Дәрігерлердің дегбірі қашқан. Мекеме қызметкерлерінің түсіндіруінше, үсік шалғандар мұнда бір, бір жарым ай жатады екен. Онан кейін науқастарды дәрігерлер қайда жіберуді білмей абыржиды. Көшеге жіберсе оларды тағы да үсік шалуы мүмкін.
Шымкенттегі оңалту орталығында қаңғыбастар үшін орын қалмаған. Бүгінде 130 адамға арналған мекемеде 160-тан аса үйсіз-күйсіз адам жан бағуда.