Оңтүстікте, таудың басында ресейлік шаңғышы қайтыс болды

Шаңғышының жүрек талмасы шың басында ұстаған
Шаңғышының жүрек талмасы шың басында ұстаған

12 қаңтар күні «Алатау» шаңғы базасында қайғылы жағдай орын алды. 63 жастағы Ресей азаматы жүрек талмасынан қайтыс болған деп otyrar-tv.kz/kaz сайтының тілшісіне құтқарушы топтағылар мәлімдеді.

Шаңғышы демалыс базасына достарымен бірге демалуға келген екен. Жасы егде тартса да, өзін жақсы сезінген ол бірнеше рет таудан құлдилай сырғанап, аспалы жолмен тау басына шығады. Осыдан соң шаңғышы ізім-қайым жоғалады…

Оның артынан арнайы үйретуші жіберілгенде ол ресейлікті демсіз жатқан жерінен тауып алады. Нұсқаушы тосын жайды дереу құтқару тобына хабарлап, оқиға орнына мамандар жіберіледі. Алдын-ала болжам бойынша, шаңғышының дерті кенеттен ұстаған. Яғни, жүрек талмасына ұшырағанын сезген ол құлаған сәтінде беліндегі сөмкесінен дәрісін ала алмай көз жұма барған. Бұл мәліметтерді құтқару тобының өкілі Айбек Тоқманбетов айтты.

Қапелімде үзіліп кеткен шаңғышының денесі зембілмен төмен түсіріледі. Бұл уақытта ақ халаттылар келіп жетіп, оның өлгендігін нақтылады. Мұнан соң куәландыру үшін Төлеби аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері шақырылады. Соңғы мәліметтер бойынша, 63 жастағы шаңғышының өліміне себеп болған – жүрек талмасының ең ауыр түрі.