ОҚО ІІД Шымкент ҚІІБ ППП-нің инспекторы Т. А. мен оның қызметтес серігі Н.Ә. екеуі өткен жылғы қазан айының 16-нан 17-не қараған түні мемлекеттік нөмірі «Опель-Вектра» автокөлігімен Шымкент қаласының Республика даңғылы мен Ә. Молдағұлова көшесінің қиылысында көлік күтіп тұрған Төлеби ауданының 31 жасар Н. есімді азаматшасын «үйіңе жеткізіп саламыз» деген уәжбен көлікке алдап мінгізіп, қала шетіндегі алаңқайға апарып, зорлаған.
ОҚО ІІД-нің өзіндік қауіпсіздік басқармасы жүргізген тергеу барысында олар бұл ойын алдын ала жоспарлағаны анықталды. Өзінің отбасылы екенін, үйде балалары күтіп отырғанын айтып, қанша жалынып, жалбарынса да райларынан қайтпаған қос инспектор нәзік жанды әйелді ұрып-соғып, қорқыту арқылы дегендеріне жетеді. Мұнымен де тынбаған құқық қорғаушылар Н.-ны көлікке қайта салып, қаладан оңаша пәтер іздеуге шығады. Ойламаған жерден қашып шыққан Н. өзінің көрген қорлықтары мен басынан өткерген сұмдықтары жөнінде ішкі істер басқармасына хабарлайды.
Сот-медициналық сараптамасының (19/10.2011 жылғы №16/11 санды) қорытындысына сәйкес, Н.-ның оң көзінің айналасы көгерген, ісінген. Сол иық буынының артқы бөлігінің еті көгерген, сол балтырының ішкі жоғарғы бөлігінің көгергені, оң тізе буынының алдыңғы бөлігінің еті сырылғаны белгілі болады. Бұл жарақаттар доғал, жұмыр заттың соққысы әсерінен пайда болуы мүмкін. Осылайша сот-биологиялық сараптамасы Н.-ның зорланғанын жоққа шығармайды.
ОҚО ІІД-нің өзіндік қауіпсіздік басқармасы берген мәліметке сенсек, серілік құрмақ болған полиция қызметкерлерінің үстінен қозғалған қылмыстық іс аяқталып, жақында сотқа өткізілді. Өкініштісі, сол елді қорғайды деген, қылмыскерлерді құрықтайды деген полиция қызметкерлерінің өзі әйел зорлап, заңды белден басып бұзып жүргені. Кімге сенеміз, бұл қоғамда?
Айтпақшы, 2011 жылы полиция қызметкерлерінің қатысуымен ОҚО-да 46 қылмыс орын алған. Олардың 26-сы сыбайлас жемқорлық бойынша.