Раис Қараибрагимов: «Сайлау бойынша, арыз-шағым жоқ»

сайлау 2012

№42 сайлау учаскесінде де үміткерлерді таңдау заң бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл ақпарды сондағы 15-ке жуық бақылаушы мәлім етуде. ҚР ПМ депутаттарын кезектен тыс сайлауын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның ОҚО штаб төрағасы Раис Қараибрагимов таңғы сағат 7-ден түске дейін 12 сайлау учаскесін аралап үлгеріпті. Бақылаған орындардың бәрі де заң бойынша жүріп жатыр. Сайлау бойынша шағым-арызға тап болмапты.

Бұл учаске бойынша 1543 сайлаушы тіркелген. Соның жарым бөлігі осы күннің өзінде дауыс беріп үлгерді дейді түрлі партияның өкілдері. Мұны тәуелсіз қадағалаушылар да қолдап отыр.

Ел таңдауын жасап жатқан күні айрықша заңбұзушылық 42-ші сайлау учаскесінде әзірге орын алған жоқ. Дегенмен бірқатар сауалдар бюллетеньдер мәселесінде өрбіген.

Мақұлбек Кенжебеков, саяси партия бақылаушысы: «Негізі облыстық мәслихат пен қалалық мәслихатты және республикалық партияларды қоса есептегенде әр тарапқа 1773 бюллетеньнен келуге тиіс. Таңсәріде бюллетень парақшаларын санағанымызда қалалық мәслихатқа 1717 бюллетень келгенін білдік. Бұл негізі дұрыс емес деп ойлаймын».

Сайлау учаскесінің комиссия төрағасы туындаған жәйттен соншалықты қиындық тумайды деп сендірді. Себебі, әкелінген бюллетеньдер тіркелген сайлаушылардан 1,5 пайызға көп.