Ана тілі және отбасы

Қатысушылар салт-дәстүрден көрініс көрсетті

Қаламыздағы №38 мектеп-гимназияда «Ана тілі және отбасы» атты жанұялық байқау өтті. Өзбек, орыс, түрік және тәжік ұлтының отбасы мүшелері барын салып, байқаудың жеңімпазы атануға тырысып бақты.

Қазақ тілінде сәлемдесуден бастаған өзбек Халмырзаевтар отбасы мұндай жарысқа алғаш рет қатысып отыр. Бірінші болып сахнаға шыққан топ мүшеері мемлекеттік тілді білу-парыз деп санайды.

«Әрине Қазақстанда тұрғанннан соң, тіл білу міндетті. Біздің ұл-қыздарымыз қазақ тілін мектеп қабырғасында-ақ жүріп үйренген. Сондықтан жарысқа қатысқанымызға қуаныштымыз. Біз де қуана-қуана келістік»,- дейді отбасының отағасы.

Ал келіннің бетін ашып, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін көрсеткен отбасының белсенді мүшелері 4-сыныптың оқушысы Шухрад пен дайындық сыныбына баратын Азиз сайысқа түcер кезде көптеген тақпақтар жаттап, көп дайындалыпты. Содан да болар, еш қорықпаған.

Қатысушылар қазақ тілінде өздерін таныстыру, мақал-мәтелді жатқа айтудан жарысу, ұлттық салт-дәстүрдің көрінісін көрсету және өнерлерін паш ету сынды шарттар бойынша бақтарын сынады. Өзге ұлт өкілдері арасында жарыс жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді.

Ал ұстаздар қауымы мұндай сайыс өзге ұлт өілдері арасында қазақ тілінің мәртебесін көтеру, ұлттық салт- дәстүрлі насихаттауда маңызы зор деп біледі.

Олардың өнерін сараптаған әділ-қазылар әр отбасының дайындығын жоғары бағалады. Сөйтіп қатысушылардың барлығы жеңіске лайық деп танылып, арнайы сыйлықтарға ие болды. Бастысы жыл сайын қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің қатары көбеюде.