Түркістанда аз қамтылған отбасылар мен мүгедектерге көмек көрсетілді

683

Қоғамның әлсіз топтарына қамқорлық жасап, көмек көрсету әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Түркістан қаласындағы аз қамтылған отбасыларға азық-түліктер таратылып, мүгедектерге қол арба мен балдақтар берілді. Сонымен қатар, спорттық құралдар да табыс етілді.

Қамқорлық ісіне бұған дейін де тұрақты атсалысып келе жатқан жеке кәсіпкер Батанов Ерлан үнемі мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан тыс қалдырған емес. Түркістан аумақтық мүгедек балаларды оңалту орталығының бүлдіршіндерінің бұл күні қуанышында шек жоқ. Өнерде белсенділік танытып жүрген жастар енді үстел теннисімен де тұрақты шұғылданатын болды.

 ӘБІЛҚАСЫМ БАҚДӘУЛЕТ , мүгедек балаларды оңалту орталығының оқушысы: «Әкелген сыйлықтарыңызға рақмет айтамын. Теннис тақтайшаларыңыз өте керемет екен. Көңілімнен шықты».

Жеке кәсіпкер өздігінен жүріп тұруы қиын 4 азаматқа мүгедектік техникалық көмек құралдарының бірнеше түрін берді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде мемлекет тарапынан қол арбаға қаржы қаралғанымен, оған қол жеткізу үшін ұзақ уақыт күту керек. Үш жыл бұрын инсульт алып, төсек тартып қалған азаматша да қоларбаға өте мұқтаж болатын. Қажеттілік қанағаттандырылды.

Шахизада Әлқожаева, мүгедек/қуаныш иесі: «Сіздерге рақмет, жақсылық тілеймін. Айналайын інім көп-көп рақмет саған. Ісің әрқашан алға басып, бақыт берекелі болсын. Халықтың игілігіне жарай бер жаным».

Қаладағы жүзден аса әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыға азық-түлік таратылды. Әлсіз топтарға қамқорлық жасалып, қамқоршыға ризашылық білдірілді.