Түсіндіру жұмыстарынан қатаң шара көруге көшу қажет. Қала көшелеріндегі ретсіз сауданы жою мақсатында құрылған арнайы комиссияның бүгінгі мәлімдемесі осы. Кеше бір күн бойы құрамында қалалық мәслихат пен «Нұр Отан» ХДП мүшелері бар топ Қазыбек және Төле би көшелеріндегі саудагерлерге ескерту берген болатын. Ал бүгін одан ешқандай нәтиженің шықпағандығы байқалды.
Қазыбек би көшесіндегі саудагерлерге заңды бұзып отырғандығы жөнінде түсіндіру жұмыстары арқылы ескерту де берілген еді. Бір топ комиссия мүшелерінің айтқанына келіскендей болған олар бүгін үйреншікті әдетіне қайта басқан. Көше бойы тағы базарға айналды. Шектен шыққандығы соншалық саудагерлер тексеру болатыны жайлы хабар беретіндердің де бар екендігін ашық айтып отыр. Ал жаяу жүргіншілерге арналған жолды автотұрақ еткен такси жүргізушілері ескертуді ескермеген. Құзырлы мекеме қызметкерлерінің шарасыздығына әбден қанық болса керек. Кешегі өткен рейдтік тексеруге арнайы шақырып келтіре алмаған жол полициясы мамандары да бүгін де сен тимесең мен тименің кейіпінде.
Өз міндеттерін орындауда салғырттық танытатын мекемелердің тізімін бүгін өрт мамандары мен санитарлық қадағалау басқармасы және ветеринария инспекторлары толықтыра түсті. Осыдан-ақ базардағы ретсіздікті жөнге келтірудің ауылы алыста екенін байқау қиын емес.