Шымкентте көлік жанып кетті

216
өрт, көлік

Аптап ыстықтан Шымкентте өрт оқиғалары жиі тіркеле бастады. Бүгін қаладағы көлік жуу орындарының бірінде тұрған автокөліктің күлі көкке ұшты. Иесі қосымша техникалық қызмет көрсетуге мініп келген темір тұлпар әп-сәтте жалынға оранған. Ал ондағы қызметкерлер тілсіз жауды өз күштерімен сөндіре алмады.

Оқиға орнына әп-сәтте жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды 15 минутқа жеткізбей ауыздықтап үлгерді. Автожуу орны мен техникалық қызмет көрсету орталығында шарпыған жалын нысанның шатырын кәдімгідей зақымдаған. 260 шаршы метрге тараған тілсіз жауға тойтарыс беруге 3 өрт сөндіру техникасы мен 30 қызметкер жұмылдырылды.  

Алдын ала болжамдар бойынша көліктің бензин насосынан пайда болған ақаудан төтенше жағдай туындаған. Жалын бірден лап берген сәтте мұнда ешкім болмапты. Тілсіз жаудан зардап шеккен жан жоқ. Автожуу орнына иесі көлігін тастап кеткендіктен, оның қожайыны анықталу үстінде.

Қазір автожуу орнының өрт қауіпсіздігі тексерілу үстінде. Жалын шарпуының нақты себебі де анықталады. Өрт сөндірушілер көлік иелеріне темір тұлпарын кез-келген жерде тастап кете беруге болмайтынын ескертуде.