Көшпелі сауда орындарына саудагерлер бармайды

302
Төле би көшесіндегі заңсыз сауда қатары

Ішкі нарықтағы өнімдердің бағасын тұрақтандыру мақсатында қала әкімдігі шаһардан көшпелі сауда-саттыққа үш ауданның аумағында 120 арнайы орын белгіленген болатын. Бұл – дихандар өз өнімдерінің пайдасын көрсін деп жасалған жағдай. Алайда, қаладағы арнайы қаулымен бекітілген орындарға барып, көкөніс пен бақша өнімдерінің көптеп сатылып жатқанын байқамадық.

Мәселен Т.Рысқұлов пен Қ.Қазиев көшелерінің қиылысындағы «Амангелді» дүкенінің маңында көкөніс саудасы жоқ. Есесіне мұнда көженің сатылымы қызып жатыр.

Осы маңайдағы белгіленген сауда орынының бірі – Рысқұлов және Өтегенов көшесінің қиылысы. Мұнда да көкөніс емес, бақша өнімі – қарбыз сатылып жатыр. Онда да сатушы өнімді диханның өзінен емес, базардан алып сататын айтты.

Ақтеңге Тоқтабева, қарбыз сатушы: «Белгіленген жерді білмеймін, бірақ екі жылдан бері осы жерде қарбыз сатамын. Бір жағынан сауда жақсы жүреді әрі өзім осы маңда тұрамын. Үйіме жақын. Салықты бір балалар келіп алып кетеді, кімдер екенін де білмеймін, күніне 200 теңге».

Қаладағы көкөніс өнімдерін сатуға белгіленген орындарда сауда жасап жатқан жан жоқ. Есесіне Төлеби көшесіндегі «Ақбар» мен «Қырғы базар» маңайында заңсыз сауда қызып тұр. Жол жағалауын жайлағаны аздай, саудагерлер жүргіншілер жолына да тізіліп отырып алған. Алма 100-150, өріктің келесі 30 теңге, қызанақ 60-70, қияр 30-40 теңгеден бағалануда. Сатушылар өнімдердің барлығы өз бау-бақшамызда өсірілген деп сендіріп отыр. Олар қаладағы белгіленген сауда орындарынан бейхабар болып шықты. Заңсыз сауда қатарын толықтырғандар базар ішінде сауда жасау қымбатқа түсетінін алға тартып отыр.

Бақша және көкөніс өнімдерінен басқа қала әкімдігі ұлттық сусындар мен нан квасын сатуға болатын орындарды да бекітті биыл. Алайда, үйренген орыннан тапжылмайтын жерлестеріміз жаңа ұсынысқа да көңіл аударар емес. Бұған қарап бағаны тұрақтандыру заңсыз сауда орындарын азайту сияқты тапсырмалардың жуық арада орындалмайтын байқауға болады.