Мал дәрігері тапшы

Ауылшаруашылығы министрлі­гі­нің ақпараттарына сүйенсек, былтыр еліміз бойынша төрт түлік арасында 227-ден аса қауіпті инфек­ция ошағы тіркелсе, биылғы көрсеткіштің 3 айында аса қауіпті 55 инфекция ошағы тір­келген, оның ішінде 7-еуі аусыл.. Көш басында тағы Оңтүстік. Мұның бәрі ветеринариялық инспекция жұмы­сының дұрыс ұйымдастырылмауы мен мамандардың өз міндеттерін толық атқара алмай отыруынан болып отырған ситяқты. Бұған мал дәрігерлерінің тапшылығын қосыңыз.

Қазіргі кезде ветеринарлардың жетіспейтіндігі Үкіметтің биік мінберінен де айтыла бастады. Мәселен, Қазақстанда үш мыңдай елді мекенде мал дәрігері жоқ екен. Бұл туралы мәлім еткен Ауылшаруашылығы министрі: «Кей жерлерде мал дәрігерлерінің жетіспеушілігі өзекті мәселе болып отыр, және де осы проблема мал дәрігерлік қызметтің тиімді жұмыс істемеуіне себепші. Бар мамандардың мойнындағы жүк бекітілген нормативтен әлдеқайда артық», -дегенді айтты. Атқарушы билік мәселеге естиярлықпен қарай бастады. 90-шы жылдардың тоқырауымен таршылықта қалған таңдаулы кәсіпті қайта жаңғыртудың тетіктерін қарастырып, бірнеше бағдарламаның жоспарын түзіп, жалпақ жұртқа жария етіп те қойды. Мақсат-жетіспейтін мамандардың орнын толтыру.

Мал дәрігерінің тапшылығы біздің аймаққа да тән. Бұрындары ветеринарлық бекеттерде лицензиясы бар мамандар қызмет атқарып келсе, жыл басынан бері бұл заңдылық жойылып, жаңа ереже бойынша мемлекеттік ветеринарлық кәсіпорындар құрылды. Енді арнайы білімі бар, кәсіби маман қажет. Бос орындарға конкурс жарияланып, қажетті маманның орнын толтырғандай болдық.

Жыл сайын еліміз бойынша 500-600 жас ве­теринар мамандығын бітіріп, қолына диплом алады. Соның 15-20 %-ы ғана ауылға барады екен. Ресми мәліметтер бойынша, бүгінде отандық ветеринария саласындағы жұмыс орындарының 13 %-ы әлі де бос тұр. Мәселен, белгіленген норматив бойынша ОҚО 850 бас түрлі үй жануарына 1 мал дәрігері тағайындалуы тиіс болатын. Қаңтарға дейінгі көрсеткіш бойынша бұл жоспар мүлдем орындалмаған-ды. Өңірге 1441 мал дәрігері керек еді. Жаңа заң орнап, лицензаттардың құзыры кеміп, міндеттері күшін жойған соң, жоғарыда аталған кәсіпорындар ашылып, қажет мамандардың орны толтырылды дегенді айтады тиісті мекеме басшылары. Қазір облыс аумағындағы бір ғана өңір мал дәрігеріне зар екен. Ол- Созақ ауданы. Ауданда бар-жоғы 55 маман бар. Бұл қажеттіліктің тек 67%-ын құрайды яғни аймаққа тағы да 82 ветеринар қажет. Аты дардай ауданға мамандардың неліктен жетіспейтіндігін бір ғана себеппен түсіндіреді. Жастар ауылға барғысы келмейді…

Жас маманның ауылға құлқысы жоқтығының басты себебі жалақының аздығы. Одан әрі қарай баспананың жоқтығы және ауылдағы мәдени өмірдің қалыс қалғандығы сияқты мәселелер тізіле береді. Мұны Ауылшаруашылық министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВ те мойындап отыр. Оның үстіне елде кең етек жайған «Ди­пломмен – ауылға» бағдарламасына ветеринария мамандығы биылға дейін енбеген еді. Ақпан айында күшіне енген жаңа заңға сәйкес,

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасына жеңілдік жасалмақшы. Сең енді қозғалатын шығар. Себебі, ауылдағы мал дәрігерлерінің дені егде жандар, яғни сонау кеңес заманында білім алып, колхоз-совхоздарда жұмыс істегендер. Зейнетке шыққан соң олардың орнын бүгінгі заман талабына сай деңгейде білім алған жастар басуы тиіс. Сондықтан, ауылшаруашылығы оқу орындары студенттерді қабылдау барысында ауыл мектебінің түлектеріне басымдық беруі керек. Себебі, грантпен оқыған қала баласы ауылға бармайды, олар керісінше, ауылдан шыққан жасты шөміштен қағып отыр. Дегенмен, жыл бойы мал дәрігерліктің қыры мен сырын зерделеріне тоқыған студенттердің шамамен 30 %-ын ғана өз мамандығымен жұмысқа орналасады және тек 3-4 %-ы ауылдық жерде еңбек етеді. Байыптай келе, күректей дипломды иеленген жас ветеринарлар шайлыққа жетпейтін айлыққа ауылға барғылары жоқ. Есесіне, білім алуға мемлекеттің қыруар қаржысы шығындалады. Сондықтан, мемлекет есебінен білім алған түлектерге заңмен жауапкершілік пен міндеттеме жүктеу қажет. Мұны Қазақстанның аграрлық секторы бас қосқан алқалы жиында да мақұлдағандар көп болды. Жыл басында құрылған кәсіпорындар арқылы кадр мәселесін оңды шешудің түйіні тарқатылады деп күтілуде. Ендігі міндет – осы межеге алынған нақтылы жұмыстардың иінін босатып алмай, оларды діттеген жеріне дейін жеткізу болмақ. Себебі, индустрияландыру бағдарламасының табысты орындалуы ауылшаруашылығы саласына да, соның ішінде малшаруашылығын қарқынды дамытумен де тікелей байланыста жүреді. Ал, ол білікті мал маманынсыз шешілмейді. Орыстың атақты ғалымы, ветеринария саласының негізін қалаушы академик Константин Скрябиннің «Адам дәрігері адамды емдесе, мал дәрігері бүкіл адамзатты емдейді», деген ойының астарында терең мағына жатыр. Сондықтан уақыт талабына сай ауылды, соның ішінде малшаруашылығын дамытамыз десек, алдымен мал дәрігерін даярлау, оның мәртебесін көтеру, мал дәрігерлік қызметтің материалдық базасын нығайту, ветеринарлық зертханалар ашу мәселесі назардан тыс қалмауы тиіс. Жоғарыда айтылған мәселелер шешілмей, бұл тақырып күн тәртібінен түспегені жөн.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінен жылда 250 жас ветеринар мамандығын алып шықса, оның 80%-ы мемлекеттік грантпен оқығандар екен. Ал М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің ветеринария факультетін биыл 80 түлек бітіріп, 16-мемлекеттік квота арқылы ауылдарға жіберілсе, 8-і арнайы шақырту бойынша жұмысқа тұрған. Қалған түлектердің қай жерге жұмысқа орналасқандығы белгісіз…
Ақмарал Мырзахметова